Мақтааралдың әкімі референдумға дайындықты тексерді
6 қазан – Қазақстанда үлкен тарихи кезең, дүбірлі саяси науқан өтеді. Отандастарымыз бұл науқанда АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беретін болады. Аталған дүбірлі науқанға Мақтаарал ауданында да үлкен дайындықтар жасалып жатыр. Бұл туралы Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімі Бақыт Асанов күні кеше референдум учаскелерін аралап, дайындық жұмыстарының барысын тексерді. Жалпы аудан бойынша 62 референдум учаскесі, 1 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бар. Оларда жалпы 401 сайлау комиссиясының мүшелері жұмыс атқаруда.
62 референдум учаскесінің 3-уі жабық. Жабық сайлау учаскелерінің 2-еуі Атакент, Мырзакент аудандық ауруханаларында, 1-еуі №2037 әскери бөлімінде орналасқан. Қазіргі таңда 1 сайлау учаскесі орналасқан А.Пушкин мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылдың 15 қыркүйегіндегі ақпаратқа сәйкес, ауданда
69 940 референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тіркелген
Барлық учаскелік референдум комиссиялары интернет, байланыс телефоны, бақылау камералармен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал-жабдықтарымен жабдықталған.
Мақтаарал ауданында мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін 61 сайлау учаскелері (1 СУ қажет етпейді – әскери бөлім) арнайы кабиналармен, тактилдік көрсеткіштермен, арнайы бұрыштармен, мониторлы компьютермен, құлақаспаптармен, ұлғайтқыштармен, тұтқалармен және пандустармен толық жабдықталатын болады. Сонымен бірге, 11 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси тасымалдау қызметімен, 4 әлеуметтік таксилерімен референдум учаскелерін қамтамасыз ету көзделуде.
Аудандағы мүгедектігі бар, көзі көрмейтін зағип азаматтар үшін барлық референдум учаскесіне бағыттаушы тактилді жолақ орнатылған. Сондай-ақ, интерактивті қолжетімді картасына мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы жерлер көрсетілген ақпараттары бар электронды картаға референдум учаскесі толық енгізілген.