Сайрам ауданының әкімі жеке қабылдау өткізді
Тұрғындарды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің шешімін табу мақсатында Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің азаматтарды жеке қабылдауы өтті. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әр аптаның сәрсенбісінде өтетін жеке қабылдау барысында азаматтардың қордаланған мәселелері қозғалды.
Қабылдау барысында тұрғындардың бірі үйінің маңында орналасқан мазаратты қоршау туралы өтінішін білдірді. Аудан әкімі аталған мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Тағы бір тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алу және кәмелет жасына толмаған мүмкіндігі шектеулі қызына мүгедектік тағайындау бойынша базынасын білдірді. Аталған жайттардың мән-жайын анықтау мақсатында Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары тарапынан тиісті шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ, жер телімін рәсімдеуге қатысты арызданған азаматтың мәселесі Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралып жатқандығы жайлы заң аясында тиісті түсіндірмелер берді.
Ал, азаматтардың бірі Ақсукент ауылдық округі аумағынан тұрғын үй салу үшін жер телімін сұрады. Бүгінгі таңда аталған ауылдық округте бос жер телімі болмауына байланысты, өтініш иесіне басқа ауылдық округтердегі жер теліміне «Электрондық үкімет» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарация коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы кезекке тұру тәртібін түсіндірді.
Бұдан бөлек, Ақбай елді мекеніндегі жер мәселесі бойынша сотқа жүгіну керектігін жеткізді.
Жеке қабылдау барысында Қарабұлақ ауылының азаматтары Елтай баба және Ғұлам көшесінің қиылысында орналасқан мал сою орнының жабылуына көмек сұрады. Туындаған сауал бойынша Түркістан облысы, Сайрам ауданы әкімдерінің,Түркістан облысының ветеринария басқармасының және Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшыларының атына арнайы сұраныс хат жолдау қажеттігін тілге тиек етті.
Тұрғындардың қабылдауда қойған әрбір сұрақтарына заң аясында жауаптар қайтарылып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді