Экологиялық мәдениетті қалыптастыру аясында...
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру аясында Түркістан облысы Шардара ауданының әкімі А.Қарсыбаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл округтерде шөптерді, жиылған қоқыстарды, көше бойындағы ирригациялық жүйелерді тазалауға тұрғындар атсалысып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шараға қала, ауыл тұрғындарымен қатар мемлекеттік мекеме қызметкерлерінен жалпы 500-ге жуық адам, 14 техника жұмылдырылып, 65 көше бойынан 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Созақ ауданында «Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, ерікті жастар мен тұрғындар жұмыла кірісті. Әр мекеме өздеріне бекітілген сектор аумағын абаттандыруға атсалысты. Бұған қоса, аялдамаларды, ішкі көшелерді, саябақтар мен арық-атыздарды тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізілді.
Сондай-ақ бірнеше бөлім, мекеме қызметкерлері Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағына жұмылдырылды. Белсенділер “Жасыл белдеу” аумағындағы қоршауларды ретке келтіріп, арам шөптер оталды. Тал көшеттері суғарылып, күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді.
Арыс қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға мемлекеттік қызметшілер, түрлі еңбек ұжымдары, еріктілер мен жастар атсалысты. Сенбілік жұмыстарына арнайы қатысқан шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова тазалық жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, шараның қала тазалығын сақтауда және тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сенбілік барысында Арыс-Шымкент тас жолы бойындағы арамшөптер шабылып, қоқыстар жиналды. Жиналған қоқысты тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды.