«Ауыл—ел бесігі»: Қарнақта мәдениет үйінің құрылысы басталды
Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңа мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды.
Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімі Жандос Тасов 300 орындық мәдени нысандағы атқарылған жұмыстармен танысып, бірқатар тапсырмалар берді. Екі қабаттан тұратын ғимарат соңғы заманауи жабдықтармен қамтылмақ.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, ауылда мәдениет үйінен бөлек жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын бақылаған қала басшысы әрбір жұмыстарды сапалы атқарып, уақытылы тапсыруды жүктеді. Айта кетейік, жыл соңына дейін қалаға қарасты Байылдыр және Қарнақ ауылдарындағы 14,5 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.