Шымкентте 550 студентке арналған жаңа жатақхана бой көтерді
Мемлекет басшысы «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекешелік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек», - деген болатын. Шымкент қаласында да осы бағытта бірқатар шаруалар атқарылған болатын. Соның бірі жақында «SUNRISE CY» ЖШС Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа студенттер үйі есігін айқара ашты. Аталған жатақхана 2021 жылдың 5 наурызында үш жақты Білім және ғылым министрлігі, Қаржы орталығы АҚ арасында түзілген келісімшарт негізінде, білім алушыларды жатақханамен қамту мақсатында 550 орынға лайықталған.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері жаңа оқу жылында соңғы үлгідегі жатақханаға орналасты. Жатақхананың ашылуына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері және студент-жастар қатысты. Игі бастамада сөз алған генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жас ұрпаққа ізгі ниетін білдіріп, студенттер үйінің ашылуымен құттықтап, жаңа ғимараттың лентасын салтанатты түрде қиды.
Бұл жатақхананың ерекшелігі қонақ үй үлгісінде салынған, бір бөлмеде 2-3 студенттен тұрады. Әр бөлмеде тұрмыстық техника, жиһаздармен жабдықталып, жуынатын бөлме, әжетхана қарастырылған. Студенттерге арналған оқу залы, демалыс аймағында кинотеатр және тағы басқа да қажетті заттар бар. Ең маңыздысы жатақхана оқу орнына өте жақын орналасқан. Тек студенттер ғана емес, жатақхана магистранттар және докторанттарға да арналған. Бұл туралы университеттің оқу проректоры Ғани Бесбаев салтанатты шарадағы өз сөзінде де айтып өтті.
– «Жаңа жатақханамыз қонақ үй үлгісінде бой көтерді. Заман сұранысына сай ғимараттың әр бөлмесінде жуынатын орындар қарастырылған. Сонымен қатар білім алушылар үшін арнайы жиһаздар мен ауа баптағыш (кондиционер) орнатылған. Жаңа білімгерлер үйінде студенттеріміз бос уақытын тиімді өткізетін болады. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Тағы бір ерекшілігі ғимарат жоғары оқу орнына жақын небәрі 100 метр ара қашықтықта орналасқан. Студенттердің сабаққа барып келуіне өте қолайлы. Жалпы, биылғы оқу жылында студенттерден 2565 өтінім түсіп, олардың барлығы жатақханамен толық қамтылды. Сондай-ақ университетімізде жатақхана бойынша ешқандай қиындық туындамайды», - деді Ғ.Бесбаев.
"Sunrise су" ЖШС директоры Бексұлтан Үсібәлінің айтуынша, жобаға 1,7 млрд. теңге қаржы жұмсалған.
«Алты және төрт қабатты жатақханада білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Әр қабатта заманауи жабдықталған асхана және кір жуатын бөлмелер бар», - деп атап өтті Бексұлтан Үсібәлі.
Атап өтейік, Әуезов университетінде білім алушыларға арналған 8 жатақхана болса, жаңа Студенттік үй мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пайдалануға берілген төртінші жатақхана болып саналады. Сондай-ақ Әуезов университетіне қарасты студенттік жатақханалар жаңа оқу жылына дайын. Барлық білімгерлер үйі интернет желісіне қосылған және компьютерлік сыныптар мен кітапханалар қарқынды жұмыс істеуде. Студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында барлық жатақхананың акт залында түрлі бағытта танымдық іс-шаралар, мерекелік кештер, дөңгелек үстелдер, зиялы қауым және қоғам қайраткерлермен кездесулер, әр түрлі байқаулар мен спорттық шаралар үздіксіз ұйымдастырылады.