«Таза Қазақстан»: Шараға шардаралықтар да үлестерін қосуда
Президенттің бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға шардаралықтар да өз үлестерін қосуда.
Соның дәлелі ретінде Достық және Бозай ауылдарында сенбілік жұмыстары өтті. Тазалық шарасына жалпы саны 100-ге жуық адам қатысып, 2 техника жұмылдырылған. Ауыл тұрғындары сенбілік барысында жол бойындағы қоқыстар мен шөптерді тазалады. Тазалық жұмыстарында жиналған 4 тонна қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді. Ауыл белсенділері алдағы уақытта да сенбілік жұмыстары өз жалғасын табатынын жеткізді.
Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінде 250-ден астам адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті. Шараға ауданға қарасты 12 ауылдық округтен тұрғындар қатысып, орталық көшелерге тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік апта сайын әр ауылдық округте тұрақты жалғасын тауып келеді.
Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына 9 техника жұмылдырылған. Көшелер бойы қоқыстан тазаланып, шөп ору, ретсіз өскен ағаштарды бұтау мен түптерін әктеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 50 тонна қоқыс шығарылды. Тазалықты басты қағидаға айналдырған саурандықтар сенбілік жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді.
Сарыағаш ауданындағы Құркелес ауылдық округі, Дастан елді мекенінде тазалық шарасы өткізілді. Атқарылған жұмыстар аясында орталық және ішкі көшелердің бойына бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, шөптері орылып, арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына аудандағы 100-ге жуық еріктілер қатысты.
Жалпы Сарыағаш ауданында өткізіліп жатқан сенбіліктер қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға атсалысу, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған. Сондай-ақ аудан, қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған.