«Таза Қазақстан»: Акция Жүйнекте жалғасты
Түркістан облысы Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 400-ден астам адам қатысқан тазалық шарасы өтті.
Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округтегі мемлекеттік мекеме қызметшілері мен ақылы қоғамдық жұмысшылар, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала және коммуналдық мекеме мамандары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты. Шараға арнайы қатысқан ауданы әкімі Мақсат Таңғатаров Жүйнек ауылдық округінің аумағын аралап көрді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы негізінде аудан көлемінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ауқымды түрде жүзеге асып келеді. Бүгінгі сенбілікке 10-ға жуық техника және 400-ден аса адам күші жұмылдырылды. Тазалықты сақтау - әрбір азаматтың негізгі міндеті. Туған өлкемізді өзіміз таза ұстап, аялауды қолға алуымыз қажет. Тұрғындар да ауқымды жұмыстарымызға тазалықты сақтау арқылы үлес қосса дейміз. Сенбілік жұмыстары алдағы апталарда да тұрақты өз жалғасын табатын болады», - деді аудан әкімі.
Қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйысдастырылған «Таза Қазақстан» экоакциясы Қазығұрт тауының баурайында орналасқан «Ақбура» әулие кесенесінде жалғасты. Тазалық науқанына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбеталиев пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов қатысты. Сонымен бірге, шараға 70-ке жуық аудан тұрғындары мен белсенді жастар атсалысты. Нәтижесінде әулие кесененің маңы шөптен, қоқыстардан тазартылып, ағаш бұтау жәнк әктеу жұмыстары атқарылды.
Айта кетейік, Ақберді (Ақбура) Әулие ата кесенесі Шымкент қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Аңызға сәйкес, Ақберді ата емші болған және әрқашан ақ түйемен жүрген. Ең қызығы, Ақбура әулие өмірден озған соң оның түйесі тоқтаусыз жылау кезінде тасқа айналып, жасы тамған жер бұлақ басына айналған. Бұлақ суының емдік қасиеті бар. Бүгінде көптеген адамдар мұнда емделуге келеді.