«Таза Қазақстан»: Акция аясында жүзден астам шара ұйымдастырылды

Oinet.kz 23-07-2024 53

25.jpg 

Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы Түркістан қаласында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.

Бүгінгі күнге дейін киелі шаһарда акция аясында 100-ден аса шара өтіп, қаланың ажары ашыла түскен. Қазақ елінің ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухани астанасына айналған қаланың туристік әлеуетін арттыруда бұл жұмыстардың да тигізер әсері орасан.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгінгі тазалық жұмыстарына 1 мыңнан астам адам, 18 техника жұмылдырылған. Ауқымды сенбілік шарасына қаладағы 18 мекеменің қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Олар шаһардың 10-нан аса аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, науқан басталғалы бері қала аумағындағы орталық маңызы бар көшелердегі кәсіпкерлік нысандар мен қасбеттерін реттеу бойынша қалалық әкімдіктің 14 мекемесіне 32 көше бекітіліп, мердігер мекемелерді ұйымдастыру арқылы тиісті жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде 3 839 нысан сараланып, жөндеуді қажет ететін 1 562 нысан анықталған. Қазіргі таңда оның барлығы ретке келтірілген. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің қасбеттері мен аулалары және суару жүйелері қайта жаңартылды. Көпқабатты үйлер алдына жаңадан 297 дана қоқыс жәшігі орнатылды.

Түркістан қаласындағы кезекті сенбілікке қаланың ақсақалдары, ерікті жастары және шаһар тұрғындары қатысты. Жалпы 1 мыңнан аса азамат киелі қаладағы «Жеңіс» саябағы және өзге де демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара мақсаты – рухани астана тұрғындарын тазалыққа үйретіп, қаланың келешегі үшін әрбір азаматтың еңбек етуі маңызды екенін түсіндіру.

- Біздер, яғни қаланың алдыңғы буын өкілдері, мына жастарға үлгі болуымыз керек. Сол үшін де ауқымды тазалық шарасына білек сыбана кірістік. Сенбілік жұмыстарын «Жеңіс» саябағынан бастауымызда мән бар. Себебі, дәл осы демалыс аймағы қала қонақтары да, тұрғындары да жиі келетін орын. Сондықтан да қала жастарын, тұрғындарын тазалық науқанын жұмыла қолдауға шақырамын,- дейді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Шараға қатысушылар сенбілікте белсенділік танытып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға атсалысты.

- Қаламызда жыл басынан бері жүріп жатқан экоакция аясында ауқымды сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы жұмыстар арқасында тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Қала тұрғындарын тазалық шараларына бірлесе кірісуге шақырамыз,- деді шараға қатысқан Түркістан облыстық маслихатының депутаты Инара Намазбаева.

Сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында Түркістан қаласында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге дейін 100-ден аса тазалық шаралары өткізіліп, әр апта сайын 10 мыңға жуық тұрғын сенбілік жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан қаласында санитарлық тазалықпен қамтамасыз етілген 875 көше бар. Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде 136 көше механикалық жолмен тазаланады. Қала аумағы 6 секторға бөлінген. Бүгінде шаhарда 32 саябақ, 32 демалыс аллеясы бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақ бүгінде 262 гектарға жеткен. Акция аясында 1 миллионға жуық көшет отырғызылып, 8 гектар жерге гүл егілген.


Төлеби ауданында ірі сүт фермасы іске қосылады
Түркістан: «Достық үйінің» құрылысы аяқталуға жақын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу