«Таза Қазақстан»: Экоакция аясында 4 тоннадан астам қоқыс шығарылды
Елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экоакциясы Келес ауданында қарқынды ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Бүгінде ауданды көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында аудан әкімі арнайы қатысқан сенбілік өтті. Тазалық жұмыстары барысында Жәнібек Ағыбаев тазалықты ретке келтіру бағытында аудан аумағындағы көшелерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінгі сенбілікке 8 техника және 200-ге жуық мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысып, нәтижесінде 4 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, аудан көлемінде жүргізілген тазалық жұмыстарына апта сайын барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Оның ішінде ауданның кіреберіс аймағын, қоғамдық орындар мен сыртқы қоршауларды сырлау, орталық көшелер мен қоғамдық орындардың айналасын күл-қоқыстан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып жатқан тазалық жанашырларына аудан басшысы өз алғысын білдірді.