Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімі көлемі артып келеді
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласына елеулі көңіл бөлінуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қала аумағындағы агроқұрылымдардың күшімен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7 айда 26 миллиард теңгені құраған.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқанын байқауға болады. Оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы бағыты бойынша өсім жоғары.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Биыл бұл негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйесін тиімді жүргізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтар болсақ, шымкенттік фермерлер мен диқандардың өткен 7 айда өндірген өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 4 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Соңғы жылдары экономикаға тартылған инвестиция көлемінің артуы бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы қатардан көрініп келе жатқаны белгілі. Нақтырақ тоқталып өтетін болсақ, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері, яғни, 2018-2022 жылдары аралығында шаһар экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның үстіне бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.
- Жалпы Президент құлағдар болып, үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстар мен қалаларда жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы қала аумағында ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады, - дейді қала әкімі.