Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосты
Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйымдардың кездесуі бөлып өтті. Оған Қазақстан Респуликасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Абдезов қатысып, «Азаматтық Альянс» орталығында Шымкент қаласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.
– Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам. Азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу – Уәкілдің негізгі міндеті болып саналады. Уәкілдің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өкілдері бар. Олар Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің атынан және оның тапсырмасы бойынша өзінің функционалдық міндеттері шеңберінде өкілеттіктерді жүзеге асырады. Осындағы бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың басты мақсаты да халықпен тығыз байланыста болу және үкіметтік емес ұйым қызметіне қолайлы орта қалыптастырып, олардың институционалдық әлеуетін арттыру, азаматтық қоғамның құндылықтарын ілгерілету болып табылады. Сондықтан да келешекте бірігіп жұмыс атқара беретін боламыз. Біздің жұмысымыз Конституциямыздың 1-бабында көрсетілген «адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы» деген мақсатқа сай болуы тиіс, – деді Нұржан Абдезов.
Өз кезегінде өкіл азаматтардың өтініштерімен ғана жұмыс жасамай, адам құқықтарын қорғаудың жүйелі шаралары бойынша ұсыныстар енгізу жүйесін құруды жоспарлап отырғандықтарын, азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша аймағымыздағы қоғамдық ұйымдар мен сарапшылармен тығыз жұмыс жасайтындықтарын айтты.
Сондай-ақ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Жазира Альжанова сөз сөйлеп, жалпыға бірдей декларация тапсырудың жай-жапсарымен таныстырды.
– Тапсырылған декларация негізінде халықтың кірістері ғана емес, әлеуметтік шығындарының салық шегерімдері туралы да ақпарат қалыптасады. Нәтижесінде ақпаратты толық анализден өткізіп, халықтың жағдайын толыққанды көруге мүмкіндік туады. Оны егжей-тегжей талдағаннан кейін, әлеуметтік осал топтары анықталады. Сонымен қатар жалпыға бірдей декларациялауға көшу мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етіп, лауазымды адамдардың заңсыз баюын бақылауға және сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді ол.