Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық күшейтілді
Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары қалыпты жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда қала аумағында бөлек орналасқан 23 жылу қазандығының 19-ы қысқы маусымға дайын.
Қалған қазандықтар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, кестеге сәйкес осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін толық аяқталады екен. Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 13-ы дайын, қалғанында тиісті шаралар жалғасуда.
Қала әкімі тиісті салаға жауапты басқарма мен жауаптыларға былтырғы қыстың қаттылығын ескере отырып, кемшіліктерді назарға ала отырып, биылғы жылу маусымына дайындықты барынша күшейту, қажетті шаралардың барлығын мерзімінде қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Сонымен қатар жауаптыларға тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін жылу құбырлары жүргізілген аумақтарды дер кезінде қалпына келтіруді ескертті. Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда шаралар қабылдауды ескертті.
Қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембековке және жауаптыларға қала аумағындағы барлық мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелері мен қазандықтардың қысқа дайындығын тездету және жұмыстарды сапалы, мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Д.Қайыңбердиевтің айтуынша, қазіргі таңда басқарма тарапынан бірқатар жылу жүйелерінде қайта құру, жаңарту жұмыстары атқарылуда екен. Орынбаев көшесіндегі ОНС-2 сорғы станциясынан ТК-4 дейін, ТК-4-тен ОНС-3 сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Оның құрылыс жұмысын «ХМСУ Шымкентмелиорация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын магистралды жылу жүйесі құрылысына 1 615 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары былтыр маусым айында басталған болатын.
– Республикалық бюджет тарапынан маңызды екі жоба құрылысы аяқталуға таяды. Мұнда жылу желісі 520 мм-ден 720 мм магистралды желіге ауыстырылады. 2 сорғы станциясы жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жалпы 276 көпқабатты үй сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу құбырлары соңғы рет 1990 жылдары ауыстырылған. Нұрсәт шағынауданындағы екінші жобада 1 шақырым жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүзеге асуда. Екі нысан құрылысы да 30 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Материалдары толық жеткілікті, – деді энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басқарма басшысының орынбасары Арман Әбдіхалықов.
Сонымен қатар шаһарда Нұрсәт шағынауданданындағы магистралды жылу жүйесін қайта құру («Жаңа KZ құрылыс» ЖШС тарапынан), 8,8 шақырым 17 нысан бойынша жылу желілерін ауыстыру («Армада инженеринг» ЖШС тарапынан) жұмыстары атқарылуда.