Шымкент қаласында оқушылар үшін жаңа «Төлем» жүйесі енгізілді
Шымкент қаласында тамыз конференциясы өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім саласындағы өзекті 20-тақырыптық бағытта еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесін өткізу жоспарланған болатын. Білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі жиыны республика көлемінде биыл Шымкент қаласында өтті.
«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тақырыбында өткен кеңесте әр өңірден келген білікті мамандар білім беруді цифрландыру бағытындағы үздік тәжірибелері, жетістіктері және еңбектерімен бөлісті. Кеңес жүмысының негізгі мақсаты – білім беруді цифрландыру,ұлттық білім берудегі деректер қоры, мектептегі интернет,білім берудегі оқыту ресурстары, ақпараттық-коммуникативтік технология, электронды оқулықтар, мультимәдениетті орта қалыптастыру және мемлекеттік қызметтегі автоматтандыру. Тамыз кеңесіне еліміздің өзге өңірлерінен 200-ге жуық цифрландыру бағытына жауапты мамандар келді. Аталмыш кеңеске Қазақстан Республикасы оқу-ағарту вице министрі Айбат Болатұлы арнайы келіп, білім саласы, цифрландыру жүйесіндегі тың жаңалықтармен танысты.
Озық платформалардың бірі – «Төлем» жүйесі. Осы уақытқа дейін бір жарым миллионға жуық карта дайындаған жүйеде қала оқушыларының ақпараттар базасы жинақталған. Аталмыш компания бұл ақпараттарды ата-ананың бақылауы мен оқушы қауіпсіздігі үшін қолданып, үздік бағдарлама жасап шығарды.
– «Төлем» жүйесі Шымкентте үшінші жыл қолданылып келеді. Үш түрлі картамыз бар, яғни оқушыға, студентке, тұрғындарға арналған. Бұл карталармен автобус төлемақысына 65 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бүгінде «Төлем» жүйесі білім басқармасымен, ата-аналар кеңесімен ақылдасып, бірлесе отырып жұмыс ауқымын кеңейтті. Яғни, бұл карталардың беретін мүмкіндігі мекетептердегі арнайы турникеттен өткен кезде ата-анаға хабарлама түсіп отырады. Сондай-ақ мектеп асханасында тегін тамақ алу мүмкіндігі, театр, музей, парктердің қызметтерін қолданғаны үшін де төлем жасай алады. Баланың не істеп, қайда төлем жасап, қай жерлерге барғанын ата-ана мобильді қосымша арқылы толық бақылауда ұстай алады,–дейді «Төлем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Сейдолла Исмаилов.