Шымкент қаласына қарасты Айнатас елдімекенінде су құбыры аяқталуға жақын
Шымкент қаласында таза ауызсу құбыры шағын аудандарда қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінде Еңбекші ауданы бойынша Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа тұрғын үй алаптарында алдағы уақытта тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында су құбырларының құрылысы жалғасуда екен.
Соның ішінде Айнатас елді мекенінде бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған нысан басына барып, мұндағы жұмыс барысымен танысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауыз сумен қамтылған ауданға қарасты елдімекендер саны едәуір артқан. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда, - дейді ол.
Жалпы қала аумағында өткен жылы аталған жобаны іске асыру мақсатында су құбыры желілері мен су қабылдау имараттарын қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысынан соң, мердігер мекемемен келісім шарт түзілген.
Қазір жұмыс басталған кезеңнен осы мерзімге дейін мердігер мекемелер құрылысты 70 пайызы аяқтап, ұзындығы 50 шақырымды құрайтын су құбырын жүргізген. Нысанның құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында аяқталады екен. Нәтижесінде 50 абонент табиғи ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті мекеме басшыларына халықты ауыз сумен қамту жұмыстарын орындау барысында сапалы, әрі кестеге сай жүргізілуін қатаң тапсырды.