Шымкент қаласында жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке
Шымкент қаласында жәрмеңке жиі өткізіліп тұрады. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, онда халықтың ауыл шаруашылығы тауарларын нарықтағы бағадан 15-20 пайыз, тіпті 50 пайызға дейін төмен сатып алуына мүмкіндігі бар.
Жалпы әр апта сайын шаһардағы сегіз орында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылып келеді екен.
- Шындап келгенде жәрмеңкенің жиі өткізілуі тауар өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді. Біріншіден, тұтынушы қажет өнімін арадағы делдалсыз қолжетімді бағада ала алады. Екіншіден, шаруа өз өнімін сатылымға шығарып, нарықтағы бағаны тұрақтандыруға үлес қосады. Осы жағынан келгенде жәрмеңкенің қаланың орталығы мен шағын аудандарда жиі ұйымдастыру арқылы баға саясатына азда болса ықпал ете аламыз. Сондай-ақ жәрмеңкенің жиі өткізілгені қала тұрғындары үшін тиімді. Мұнда шаһар жұртшылығы қажетті азық-түлігін дүкен мен сауда орталықтарына қарағанда нарық бағамынан 10-20 пайызға төмен бағада алуларына мүмкіндігі бар. «Алқаптан сөреге» жобасының да мақсаты осы болатын, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушысына арадағы делдалсыз өз бағасында жеткізу, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қажымұқан атындағы орталық стадион алдындағы ашық алаңда шаруалар мен кәсіпкерлер тауарын рет-ретімен орналастырған. Бейне шағын базар іспетті. Мұнда ет, сүт өнімдері, бал, көкөніс, жеміс-жидек, қауын, қарбыз, қызанақ пен қияр, болгар бұрышы, картоп, пияз, сәбіз секілді бақша өнімдерімен бірге, мал азықтық дақылдары да табылады. Жәрмеңкеде өткеріліп жатқан азық-түліктердің сатылымдағы бағасын нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Мәселен, пияздың келісі 100-150 теңге аралығында болса, картоптың ұсағы 100 теңге, ірісі 150-170 теңгеден өткерілген. Базар нарығына назар аударатын болсақ, пияздың бағасы 200-220 теңге, картоп 200-240 теңгеден саудаланып жатыр.
Ал Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылынан келген кәсіпкер Исахмет Нұржапар бірнеше жылдан бері жәрмеңкенің тұрақты қатысушысы екенін айтты. «Шымкент қаласындағы және Сайрам ауданындағы әрмеңкелерге тұрақты қатысып келемін. Өзім мал шаруашылығымен айналысамын. Мал бордақылап, етін сауда орталықтарына өткеремін. Астана қаласында өткен жәрмеңкеге де мүйізді ірі қара мен бес қой апарғанмын. Бүгінгі таңда мал етіне деген сұраныс жоғары. Бір сәтте қой мен сиыр еті өтіп кетті. Енді қалғаны он килограмм ғана. Әр жәрмеңкеге қатысқан сайын тұрақты алушыларым да пайда болды, бүгін де келесі жәрмеңкеге тапсырыс беріп жатқандар бар. Еңбек етсең, әрине оның табысы да болады. Ең бастысы жәрмеңке арқылы арадағы делдалсыз өз өнімімізді өткеруге мүмкіндік алдық» дейді ол.
Түске дейін жалғасқан жәрмеңкеден қала жұрт көңілді тарқады. Соның бірі қала тұрғыны Майра Шәкір. «Жәрмеңкенің орталықстадионда ұйымдастырылғаны жақсы. Өйткені мұнда халық көп жиналады. Бүгін картоп, ет, басқа да керек жарағымды алып, үйге көңілім толып қайтып барамын. Бағасы да жүйелі. Жәрмеңке үзбей апта сайын жалғасып тұрса», деген тілегін де айтқан еді ол.