Шымкент қаласында 18 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізді
Шымкент қаласында еңбеккерлердің құқығы қорғалған. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, шаһарда жұмыс істейтін 18 кәсіпорында «халықтық бақылау» жобасы енгізілген екен. Жалпы бүгінгі таңда қалада 3848 кәсіпорын белсенді жұмыс істеуде.
Оның ішінде 1728 кәсіпорында жалпы түзілген ұжымдық шарттар 44,8 пайызды құрайды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда Шымкентте 18 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізді. Сондай-ақ, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero - Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тұжырымдамаға 70 кәсіпорын қосылды, - дейді қала әкімі.
Жалпы Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына жыл басынан бері азаматтардан 500-ге жуық өтініш түскен. Оларды қарау барысында 98 құқық бұзушылық анықталып, сол кемшілікке жол берген кәсіпорындарға жалпы көлемі 5,1 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 2,8 миллион теңге көлеміндегі 17 айыппұл өндіріліпті.
- Қалада кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысына сүйенсек, бүгінгі күнге қаладағы 1452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс істейді, 1009 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ, 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Осыған байланысты өңірдегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған. Ал сақтандыру мәселесі бойынша Шымкент қаласындағы 7558 компанияның 2538-і ғана сақтандыру келісімшартын жасаған. Қорыта айтқанда, Президент тапсырмасын орындау барысында қолға алынған жұмыстар қалада жалғасын табуда. Алдағы уақытта «Халықтық бақылау» жобасына барлық кәсіпорындар енгізіліп, олардың жауапкершілігі артып, жұмыс адамының құқығы артады деген сенімдеміз, - дкйді қала әкімі.