Шымкент қаласының экономикалы әлеуеті артып келеді
Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып келеді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, Шығыс пен Батысты байланыстырған Шымкент мегаполисінің берер мүмкіндіктері орасан.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Жалпы қала бюджетінің көлемі алдыңғы жылдарға қарағанда 146,2 миллиард теңгеден 613 миллиард теңгеге дейін 4 есеге артқан. 2 триллнион теңгеден астам инвестиция тартылды. Өсім динамикасы бойынша республикада 2021 жылдан бастап алғашқы қатарда. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін, яғни 90 пайызға өскен. Жалпы өңірлік өнім (ВРП) 2,1 триллин теңгеден 3,1 триллион теңгеге жетіп, орташа жылдық өсім 5-6 пайызды құрады. Ғаламат құрылыс алаңына айналған мегаполисте көптеген тұрғын үй, әлеуметтік және бизнес нысандары бой көтеруде. Атап айтсақ, 3 миллион 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды, оның 2 миллионы соңғы екі жылда берілді. 919,4 шақырым жол жөнделіп, 2 жолайрық халық игілігіне берілуде. Мемлекеттік және жекеменшік 105 мектеп пайдалануға беріліп, заманауи 2 оқушылар сарайы соғылуда. Халықаралық деңгейдегі Конгресс-холл орталығы, инновациялық саябақ, әлемдік стандарттарға сай келетін ипподром және аэропорттың жаңа терминалының құрылысы да Шымкент қаласы үшін маңызды, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.