Туристерге тегін қарбыз таратты

Oinet.kz 25-07-2019 929

Screenshot_2.jpg

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келуші қонақтар мен музей қызметкерлеріне Түркістан қаласындағы кәсіпкер Ілесбек Арынов 5 тонна қарбызды тегін таратты.

Қауын-қарбыз өсіріп, егін шаруашылығы арқылы несібесін терген еңбекқор диқан биылғы өнімінің алғашқысын қасиетті орталық Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келуші туристерге ұсынудан бастауды жөн санапты.

- Қазақта «Кең болсаң, кем болмайсың» деген сөз бар. Несібеміз де, берекеміз де бір Алланың бергені. Түркістанға шөліркей жеткен, бабалар рухына тағзым етуге келген жандардың ақ батасын алып, егістік алқабының әрбір піскен өнімін алғыспен жұлсақ, шын еңбегіміздің ақталғаны. Түркістанымыз облыс орталығы атанып, гүлдену, түрлену қарқынына бой алдыруда. Туған жерімізге келген қонақтарға, туристерге қуаныш сыйлауға азаматтық үлесімді қосқым келді. Бұл ұсынысымды «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі ұжымы да қуана құп алды,- деді Ілесбек Арынов.

Мұндайды күтпеген алыс-жақын жерден келген зияратшылар диқанға алғыстарын білдірді.

Айта кетсек, жаны жомарт Ілесбек Арынов 2017 жылы да дәл осындай игілікті іс жасап, қасиетті мекенге жазғы ыстықта жеткен келушілердің ықыласына бөленген болатын.

Сапалы өнімге сұраныс азаймайды
Жас кәсіпкерлерге грант беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу