Шымкент қаласында «Тіл туралы» Заң талаптары кәсіпкерлер тарапынан орындалуда
Шымкент қаласындағы көрнекі ақпарат және жарнама мәтіндерін ретке келтіру мақсатында «Сәтті жарнама» атты қалалық акция өткізіліп келеді. Бұл жоба бірінші кезекте орта және шағын кәсіпкерлер арасында жүргізілді. Мақсаты – Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заң талаптары түсіндіру.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтың айтуынша, жЖоспар бойынша Шымкент қаласының этнос өкілдері тығыз шоғырланған 32 тұрғын алаптағы кәсіпкерлік нысандарда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заң талаптарының сақталуына қоғамдық бақылау мен зерделеу жұмыстары іске асуда.
- Тәуелсіздігімізді алғанымызға да 32 жылдың жүзі болды. Бұл жылдарда мемлекеттік тіліміздің аясы кеңейді. «Ана тілін үйрену – ұлы іс, әркім өз ана тілінде сөйлеу керек. Ең жақсы тіл – ана тілі» - дейді Сәбит Мұқанов. Ана тілін жетік білу, таза сөйлеу мәдениеттіліктің белгісі. Тіл бар жерде – ел бар. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Ендеше Мұхтар Әуезов айтпақшы «Ел боламын десең, бесігіңді түзе».
Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық! Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Оған бүгінгі ел азаматтарының қолдауын кәсіпкерлермен болған кездесудерде көріп отырмыз, - дейді Береке Дүйсебеков.
Қала әкімдігі мен тіл басқармасымен бекітілген кестеге сәйкес Бозарық, Қатын көпір, Қызылжар, Тұрлан, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Ескі қала, Көркем, Қарасу, Химфарм шағын аудандарда, Қайнарбұлақ, Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад, Бадам-1 тұрғын алаптарында, Қайнарбұлақ саяжайында орналасқан кәсіпкерлік нысан иелеріне заң талаптары көрсетілген арнайы брошюралар таратылып, түсіндіру жұмыстарды жүргізілді.
Нәтижесінде 312 кәсіпкерлік нысанды аралап, 160 нысан иелеріне ескерту берілді. Түсіндіру жұмыстарына қалалық Ассамблеяның өкілдері тартылып, өткізілген акциялар «Instagram» (shymkent_ madeniet), «Facebook» (Мәдениет басқармасы) әлеуметтік желілері арқылы жариялануда.
Сауда және қызмет көрсету объектілер, сауда ойын-сауық орталықтары, көпшілік тамақтанатын орындар қызметті қажеттілігіне қарай мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде де жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда және жалғасын табады.