Шымкентте жұмыс орындарын субсидиялау қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы іске асырылуда
Шымкент қаласында жұмыс берушілер қала тұрғындарын «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға қабылдауды бастап кетті. Бұл «Ұлттық жоба» аясында Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылуда.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жұмысшылардың еңбек ақысы бағдарлама талаптарына қарай мемлекет есебінен толығымен немесе ішінара төленеді екен. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан.
- Негізі халықты жұмыспен қамту мәселелері 2022 жылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Жоба аясында биыл қалалық халықты жұмыспен қамт орталығы арқылы субсидиялық жұмыспен қамтылғандардың саны бес мыңға жетіп отыр. Оны жыл соңына дейін 500 ге арттыру көзделген. Бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатындықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрлаулы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Жолдауға сәйкес халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа саясат тетіктері белгіленіп, оны жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Президентіміз Жолдауында экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарылып жатыр. Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру аталған орталықта негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар: халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету.
Жалпы, жыл соңына дейін тағы 500-ден астам адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Жұмыссыз азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша халықты жұмыспен қамту бөлімдеріне жүгіне алады. Мамандар тиісті талаптар негізінде келісім-шарт түзілген мекемелердегі бос жұмыс орындарына жолдама береді.