Шымкент қаласында инвестрорларға қолдау көрсетіліп келеді
Шымкент қаласында бүгінгі таңда қала бойынша 524,7 миллиард теңгені құрайтын 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобалар да баршылық.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты бар. Оған тартылатын инвестиция 5 миллиард теңгені құрайды. Одан бөлек, автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.
- Бүгінгі таңда біздің алдыға қойып отырған жоспарларымыз ауқымды. Барлығы да қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алдағы бағытымызды айқындап берді. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңдағы жұмыс барысы да осы бағытта құрылып отыр. Айталық, бүгінде қалада бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Оның барлығы шетелдік компаниялардың қаламызға салып отырған инвестицияның арқасында мүмкін болуда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес дамиды. Мемлекет басшысы да Жолдауда Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды жайдан-жай тапсырып отырмағаны белгілі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аясында өнеркәсіп өнімі артып, индустиаландыру аймағының жұмысы жандана түскен.
Шетел инвесторларының қатысуымен салынып жатқан жобалар аз емес. Соның ішінде, биыл ашылуы тиіс ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және ПВХ-дан жаңбыр суағарларын өндіру зауытының құрылысы 60 пайызға дайын. Автомобиль әйнегін шығару зауыты, керамикалық тақталар өндірісі, көпфункцияналды қойма кешені де қаланың экономикалық даму көрсеткішін ілгерілететін тетіктердің бірі болмақ алдағы уақытта.
Сондықтан Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға мемлекет тарапынан қолдаулар кедергісіз көрсетілуі қажет екенін айтып, басқарма басшыларына жер және инфрақұрылымдық мәселелеріне қатысты тапсырмаларды жүктеген еді.