Шымкент қаласындағы көшелер мен көпқабатты тұрғын үй ауласындағы жолдар асфальтталуда
Шымкент қаласындағы шағын аудандардың жолдары жылсанап жақсарып келеді. Оны бірнеше шағын ауданда қатар атқарылып жатқан жол құрылыс жұмысынан аңғаруға болады. Мәселен, Еңбекші ауданындағы Базарқақпа елдімекеніндегі бірқатар көшелерге асфальт жабыны төселуде. Ал Қараөткел көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 0,9 шақырымды құрайды.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, заманауи құрылғылармен жабдықталған жылжымалы зертхана арқылы асфальт қабатының тығыздығы мен сапасы, қолданыстағы материалдардың талапқа сәйкестігі тексеріліп отырады екен. Жалпы жыл соңына дейін бұл аумақтағы 6,6 шақырымды құрайтын 11 көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Сонңы қатарында атау берілмеген №1,2,3,4,5 және Кеңгір, Қараөткел, Балқан, Алай, Қызылата, Сазқұндыз көшелері бар.
- Бүгінгі таңда жол құрылысына басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Жолдауларында жол құрылысы жұмыстарын 2025 жылға дейін аяқтауды тапсырған болатын. Бұл Шымкент қаласында жоспарға енген кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Жалпы биыл қаладағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Темірлан тас жолы бойындағы Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында іске асырылып отыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс барысын тексерді. Жер асты өткелінің құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланып отыр.
Ал Тұран шағын ауданы аумағында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер маңын ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін аула ішіндегі көшелерді асфальт жабынын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда кестеге сәйкес абаттандыру жұмысы Желтоқсан, Бейбітшілік, Мангелдин, Байтұрсынов пен Жандосов көшелері мен Отырар шағын ауданындағы көше бойларында орналасқан бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында жүргізіліп, аула ішілік көшелер ретке келтірілді және асфальтталды.
Сонымен қатар алдағы уақытта дәл осындай абаттандыру жұмыстары Тұран ауданынына қарасты Отырар мен 4 шағын аудандармен қатар А.Байтұрсынов, Ғ.Иляев, Ю.Гагарин, 1 мамыр, Ш.Қалдаяков, Б.Майлин көшелеріндегі бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер жанында асфальт жабынын ретке келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.