Шымкент қаласында жасөнертапқыш мүмкіндігі шектеулі жандарға ойын алаңшасын сыйлады
Шымкент қаласында жас өнертапқыш әткеншек пен қоссырықтың құрылу механизмін жасап шығып, оны мүмкіндігі шектеулі жандарға сыйға тартты. Бұл жобаның авторы Шымкент қаласының тұрғыны, №23 мектептің 10 сынып оқушы Дияра Жолдасбай.
Дияраның жобасы ерекше. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолайлы спорттық алаңша ашты. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жыл сайын елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы ұйымдастырылып келеді. Яғни, еліміздегі жас жеткіншектерді қолдауға арналған жобаға – ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және IT саласындағы 14 пен 29 жас аралығындағы жасөспірімдер өтінім бере алады. Өткен жылы аталмыш грантқа Шымкент қаласынан барлығы 14 жоба ұсынылған болатын.. Жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыруға ұмтылған жандардың бірі – Дияра Жолдасбайдың жобасы жеңіске жетті. Ол грант иегері атанып, бүгін өз жобасын іске асырды.
Жас өнертапқыш өзі жасап шығарған әткеншек пен қоссырықтың құрылу механизмін Шымкент қаласындағы «Рахмет, саған анашым!» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдық бірлестігінің ауласындағы алаңшасына орнатып берді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы спорттық алаңша жасау 2019 жылы еріктілер қатарында жүргенімде туындады. Содан бастап іздене бастадым. Мені ылғи да арбада отырған жандар әткеншекке мініп көрсе, спортпен айналыса алатын мүмкіндігі болса екен деген ой мазалайтын. Іздене келе Қазақстанда мұндай жоба жоқ екенін білдім. Шетелдік жобаларды қарай келе өз нұсқамды жасап шығардым. Грант иегері атанғаннан кейін қала әкімдігінің қолдауымен және жетпеген қаражатты өз отбасым қосып, осы мекеменің алдынан алаңшаны орнаттық, - дейді Дияра Жолдасбай.
«Рахмет, саған анашым!» қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі ата-аналардың ұйымдасуымен құрылған. Мұнда 14 пен 35 жас аралығындағы 20 бала күндіз келіп ем-домын қабылдайды. Мекеме басшылығы жас өнертапқышқа мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасаған қайырымды ісі үшін риза.