Шымкент қаласында су бұрқағы орнатылуда
Шымкент қаласында су бұрқағын орнату жоспарлануда. Ауыз су мәселесі қашанда өзекті. Әсіресе шіліңгір шілдеде шөл басатын судың көше бойында орналасуы қала халқы үшін тиімді болмақ. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жақында қалаға қарасты Тұран ауданында 13 ауыз су бұрқағын орнату жоспарланыпты.
Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жалпы қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазіргі таңда таза ауыз сумен қамтылған қалаға қарасты елдімекендер саны едәуір артқан. Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылуда, - дей келіп, Мұрат Әйтенов Тұран шағын ауданында орналастырылатын су бұрқақтарына қарасты жоспарымен бөліскен болатын.
Қала әкімінің айтуынша, биыл Шымкент қаласының Тұран ауданы аумағында 13 ауыз су бұрқағы Мәделі қожа - Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы, Байтұрсынов – Бекбосынов, Момышұлы – Желтоқсан, Дулати – Рысқұлов, Темірлан тас жолы – Мангельдин, Темірлан тас жолы – Желтоқсан, Республика даңғылы – Асқаров көшесі және Темірлан тас жолы – Қожанов көшелері бойында орналастырылмақ.
- Ауыз су бұрқағы қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басады. Себебі, су арнайы сүзгі арқылы өткізіледі. Аталған жұмыстар биылғы жылдың маусым айында басталып, шілде айында аяқталатын болады. Сондай-ақ, субұрқақтар шомылу маусымының соңына дейін жұмыс істейді. Барлық ауыз су бұрқақтары орталықтандырылған су құбырына тікелей қосылады, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.