Шымкент қаласының «Қамқорлық» орталығының тәжірибесі әріптестерінің қызығушылығын оятты
Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өздеріне берілген жұмысты жоспарға сәйкес атқаруда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, басқарма жұмысы қазіргі таңда көптеген өңірлердегі әріптестеріне үлгі болуда екен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп адамдардың денсаулығы мен жұмыспен қамтылуына басымдық берген болатын.
- Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек көрсету күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы ретте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуда. Мәселен, осы оңалту орталығына арнайы іссапармен Павлодар мен Жамбыл облыстарының әлеуметтік сала басшылары келіп, олардың атқарып жатқан жұмыс барысымен танысты. Павлодар, Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басшыларының орынбасарлары мен оңалту орталығының өкілдері сапар барысында шымкенттік әріптестерінің жұмысына жоғары баға беріп қана қоймай тәжірибелерімен де бөлісті. Алдағы уақытта «Қамқорлық» орталығының емдік оңалту шаралары мен әдістемелерін өз өңірлерінде жүзеге асыратын болып қайтты. Бұл да болса Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынаның жұмысының жүйелі атқарылып келе жатқан жұмыс сапасының жемісі, - деді Мұрат дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, бүгінде бұл аталған 110 орындық орталық жартылай стационарлық негізде қызмет көрсетеді. Заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған орталық қосымша білім беру және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, интерактивті, сенсорлық бөлме, робототехника лего кабинеті, музыка-терапия, арт-терапия бөлмелері және тігін, ағаш, қыш шеберханаларымен қамтамасыз етілген.
Балалар арнайы педагог мамандарының бақылауында болып, медициналық тексеруден өтеді. Артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балаларға логомассаж тағайындалды. Қызмет алушылармен сондай-ақ аптасына екі күннен жеке жұмыс жүргізіледі. Білікті мамандар сөйлеу тілінің жалпы дамуында бұзылыстары бар балалармен түзету-дамыту шараларын жүргізеді.
Бүгінгі таңда орталықта қажетті мамандар балаларға барлық көмекті көрсете алады. Орталықта 18 педагог «АВА – терапевтерді даярлау» курсынан, 36 педагог қызметкер «АВА – терапияға кіріспе» курсынан өтіп, сертификатпен қамтамасыз етілген. Мұнда педагогтердің білімін жетілдіріп отыруына барлық жағдай қаралып, сауықтыру шаралары тиісті талаптарға сай жүргізілуде.