Шымкент қаласында А2 автомобиль жолының құрылысы аяқталуға жақын
Жол – күретамыр. Шымкент қаласында жол құрылысы жұмыстарына ерекше басымдық берілген. Бүгінде қаладағы Тәшкен-Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайтын жолды жаңарту жұмыстары 8 кезең бойынша атқару көзделген. Қазір 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталған.
Құрылыс басында болған қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын нысанның 2-ші кезеңінің құрылыс барысын қадағалады. Жоба бойынша ені 30 метр, 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату қарастырылған. Қазір сақиналы жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарлануда.
- Осы жол құрылысы жұмыстарымен қатар А-2 айналма жолында Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланып отыр. Ал жол құрылысының 7-ші кезеңі Бозарық айналма жолынан Самара-Алматы тас жолына дейінгі аралықты қамтиды. Нысанның жалпы ұзындығы - 1,8 шақырым, ені - 40 метр. Нысанда қазір инженерлік желілердің орындары ауыстырылуда, - дейді жол құрылысының жұмысымен таныстырған Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.
Оның айтуынша, нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан Шымсити шағын ауданына дейінгі аралықты қамтиды екен. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілмек екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында көтерілген мәселенің бірі еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Бізде бұл мүмкіндік бар. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен «Термез-Алматы» бағыты Шымкент қаласын айналып өтіп жатыр. Бұл қала экономикасының дамуына оң серпін беріп отыр. Осы ретте автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән берілі керек, - дей келіп, қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.