Шымкент қаласында жол құрылысы жұмыстары қарқын алуда
Шымкент қаласында жол құрылыс жұмыстары барлық бағытта қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздегі жолдардың қанағаттанарлық жағдайын 2025 жылға дейін қалалы жерде 100, ауылдарда 80 пайызға жеткізу міндеті қойылғаны белгілі. Осы тапсырылған жобаны сапалы, әрі мерзімінде жүзеге асыруды Шымкент қаласының әкімдігі өз алдына мақсат етіп қойып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қазіргі таңда қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолының жүктемесін азайту мақсатында 15,5 шақырымды құрайтын Д.Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Нысан 6 кезеңнен тұрады.
- Жалпы Қонаев даңғылының жалғасын салу бойынша жол құрылысының 2-ші кезеңі басталып кетті. Ол жолдың ұзындығы 1,7 шақырымды құрайды. Көшенің ені - 42 метр, 6 жолақты жол түсетін болады. Қазіргі таңда мұнда жер төсемін салу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстары 35 пайызға аяқталған. Жыл соңына дейін Түркістан көшесінен теміржолға дейін қамтитын 2-ші кезеңіндегі жолдың бір бөлігін көлік қозғалысына ашу жоспарлануда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі бұл бағытта жұмыс істеп жатқан компания өкілдеріне құрылыс қарқынын арттырып, нысанды уақытында қолданысқа беруді тапсырды.
Ал бұл бағытта құрылыс жұмыстары енді қарқын алып жатса, Өтегенов көшесіндегі жол құрылысы жұмысының 1-кезеңі аяқталуға жақын қалған.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов ол көшеде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысының барысымен де танысты. Өтегенов көшесінің 1-кезеңі Шымкент Сити шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатыр. Ондағы жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 970 метр, ені - 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Нысанда алдымен автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-ші қабатын төсеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, шағал тас төсеу, ирригациялық жүйелер, жаяу жүргінші жолын орналастыру жұмыстары толығымен аяқталған. ды.
- Енді бұл жолдың 2-кезеңінде Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығы қамтылады. Оның жалпы ұзындығы - 1,2 шақырым, ені - 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Қазіргі таңда жол негізін салу, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолын салу және суағарлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, - Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетов.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мұнда да жауаптыларға жұмыс барысын ширатып, нысанды мерзімге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.