Шымкент қаласында жасыл белдеу қалыптасып, қоқыс өңдеу зауыты салынбақ
Шымкент қаласының тазалығына бүгінгі таңда басымдық берілуде. Тазалықпен қатар көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары қатар қолға алынған. Ол үшін қала ішіндегі арық-атыздарға ағын су жеткізу жұмыстары төрт кезең бойынша жүргізілуде.
Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жақсылықұлының айтуынша, қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында бірнеше жоба құрылған. Бірі көгалдандыру бағыты болса, екіншісі – тұрмыстық қалдықтардың өңдеу зауытын салу.
– Қалада микроклиматты жақсарту жобасын қолға алдық. Арық-атыздарды қалпына келтіру арқылы қала ішіндегі арықтарға су түссе шаһар ішінде салқын ауа қалыптасады. Қазірдің өзінде су түскен арна маңайында қураған алаңқайлардың қайта көгеріп жатқанын байқау қиын емес. Осы арқылы микроклимат жақсарып қана қоймай, ирригациялық арықтарда да мәселе туындамайтын болады. Мамандардың бақылауымен жыл соңына дейін 13 көшенің бойымен су жүргізу жоспарымызда бар. Ал, БМК каналының құрылысы толық аяқталған уақытта қаладағы барлық көшелердің бойындағы арықтарда су жүреді. Оның құрылыс жұмысы төрт кезеңге бөлініп жүзеге асырылатын болады, – деді Ержан Жақсылықұлы.
Бүгінде Дендросаябақ және Хан қорғаны маңындағы көгалдандыру жұмыстары жоспарлы жүргізілуде. Бір кездері қурап жататын «Хан қорғаны» төбесі бүгінде мавритандық көгалдармен жайқалып тұр. Мәселен, биыл жылы 750 мың біржылдық гүл отырзылса, күзде бір миллион қызғалдақ егу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, қалада тұңғыш рет 300 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдеу зауыты салынбақ. «Бүгінгі таңда Шымкент қаласында коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр» дейді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда қала әкімдігі Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қала тазалығын жақсарту мақсатында мобильді қосымша дайындалуда. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағдарламасын жасайтын «Ренесанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары екен.
- Жобада қала аумағынан жиналатын қалдықтарды 95 пайызға өңдеу, полигондағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру қарастырылған. Бүгінде бизнес өкілдерінің ұсыныстары қаланың ерекшелігіне қарай сарапталуда. Айта кетейік, қазір қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 миллион тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қоқыстарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 24 техника жұмылдырылып, экологиялық талаптарға сай жалпы көлемі 300 мың шаршы метр топырақ төселді, - дейді басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы.