Төлеген Телғараев: Әр мәселені оңтайлы шешу қарастырылады
Төлеби ауданының әкімі Бірінші Мамыр ауылдық округінде халықпен кездесу өткізді. Бұл туралы аудан әкімі Төлеген Телғараев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
-Округтегі аудандық маңызы бар жолдар 24,5 шақырымды құраса, қанағаттанарлық жағдайы 90,4 пайызды құрайды. Аумақта жалпы ұзындығы 118,8 шақырымды құрайтын 93 ішкі көше бар. Зағамбар елді мекеніндегі Түркістан, Тағайна елді мекеніндегі Бәйтерек, Ақпейіл, Ақжол көшелеріне асфальт төсеп, труба орнату жұмыстары жүргізілуде. Облыстық маңызы бар КХ-29 «Шарапхана-Жаңабазар-Бірінші Мамыр» автомобиль жолдары орта жөндеуден өтуде, құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі. Зағамбар елді мекеніндегі Астана, Мереке, Адыраспан, Алмалы, Ақбидай көшелері, Тағайна елді мекеніндегі Байлық көшесін орта жөндеуден өткізуге құжаттар дайындалып, қаржыландыруға ұсынылуда.
Қазіргі таңда Социал көшесіндегі 14 үйге 3,05 шақырымды табиғи газ құбыры тартылып, техникалық құжаттары реттелуде. Округтегі газ тұтынушы абонент саны 3404 үй, ГРПШ саны 2615 дана. Бейнеткеш елді мекеніндегі 24,4 шақырымды құрайтын ауыз су құбырлары жаңартылды. Жаңажол елді мекенінің 37,7 шақырымының ауыз су құбырлары ауыстырылуда. Ынтымақ елді мекенінің бұлақ басының санитарлық аймағы қоршалып, Бірінші Мамыр елді мекеніндегі бұлақ басы каптаждалды.
Республикалық бюджет есебінен Тағайна елді мекенінің 11 көшесіне 36,1 шақырым электр желілері тартылып, 7 трансформатор, 510 бағана орнатылуда, нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. М.Әуезов көшесіндегі электр жүйесін жаңартуға қажетті жоба-сметалық құжаттары демеушілер есебінен әзірленіп, 2023 жылы бюджетке қаржыландыруға ұсынылуда. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і Әшірбай көшесінің 1,9 шақырымына, Бірлік көшесінің 3,5 шақырымына, Д.Қонаев, Рауан, Бұлақ көшелеріне электр желілері тартылып, бағаналар орнатылды.
Алғабас елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолға түнгі жарық 2023 жылы қойылады. Бейнеткеш елді мекенінің 3,76 шақырымына түнгі жарық шамдары орнатылып, Әл-Фараби көшесінің 1,89 шақырымына аяқ жол салынды,-деп жазды аудан әкімі.
Ауылда 2022 жылы жүзеге асып жатқан жобалар:
• Тағайна елді мекеніндегі 200 орындықты мектеп ғимаратының құрылысының құжаттары дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды.
• Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешені және футбол алаңшасының құрылысы жүргізілуде.
• Жаңажол елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ФАП құрылысы жүргізіледі.
• Бірінші Мамыр елді мекенінің жаңа массивтеріне арналған инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысы аяқталуда.
Үшінші тоқсанда өткен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар:
• Бейнеткеш елді мекеніне «Сырғанақты» бұлағы басынан құбыр тартылып, 2 су көзінен тұрғындарға тіршілік нәрі жеткізілуде.
• Зағамбар елді мекенінің орталық көшесіне жол кедергісі орнатылды.
• ҚР Жер Кодексінің 44,44-1 бабы бойынша тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беруге су және электрмен жабдықтау мәселесі шешімін табуы қажет. Алғабас елді мекенінің бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, инженерлік-коммуникация жүйелері тартылғаннан кейін жер кезегі қалыптастырылып, тұрғындарға беріледі.
• Алғабас елді мекеніндегі ауыз су құбырларын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
• Зағамбар елді мекенінде жаз уақытында ауыз су тапшылығы орын алуына орай, резервуардан 300 м аралыққа ұңғыма қазылып, қосымша су ретінде орталықтандырылған су құбырына қосылды. Бұған қоса, қажеттілігіне орай, 2023 жылы елді мекендердегі су көздері зерттеледі.
• Жастұра көшесіндегі электр желілері мен бағаналар «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің теңгерімінде болғандықтан, инвест бағдарлама арқылы жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
-Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Округ халқының айтқан әрбір көтерген мәселесін үнемі назарымда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдарын қарастыратынымды жеткіздім,-дейді аудан басшысы.