Жолдау-2022: Қазақстанда қандай реформалар жүргізіледі?

Oinet.kz 21-10-2022 470

Қазақстанда жүргізілетін реформалар және елдің саяси өміріндегі сайлаудың рөлі қандай? Осы мәселелер Шымкенттегі «Sarap» эксперттік клубының отырысында талқыланды.

Screenshot_1.jpg

Іс-шараны ұйымдастырушы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ. 

Жиынның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Жолдау аясында атап өткен саяси реформалардың негізгі тезистері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

«Бүгінде қоғам мен билік өзекті тақырыптар бойынша сараптамалық талқылауға және пікір алмасуға ерекше мүдделі. Біз үшін әр аймақтағы сарапшылардың пікірін білу маңызды. Оларды толғандыратын мәслелер мен Жолдаудың іске асырылуы азаматтардың өміріндегі рөлі қандай екендігі», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Отырысқа ҮЕҰ өкілдері, Шымкент қаласының қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары және Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары қатысты. 

Еркін пікірталас форматында отырыс тақырыбы бойынша шақырылған сарапшылар, қонақтар мен тыңдаушылар да өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.

Жиын қатысушылары пікір алмасып, Жолдауда баяндалған міндеттер мен бастамаларды қолдады.

«Саяси институттарды жаңарту қазіргі ішкі және халықаралық саяси конъюнктураның өзгерісі жағдайында өзекті. Әлемдік процестердің даму динамикасы жекелеген мемлекеттер үшін ғана емес, тұтас өңірлер үшін де тәуекелдер мен сын-қатерлерді еселейді. Халықаралық саясатта уағдаласқаннан уәж айтқан, тоқайласқаннан тартысқан жағдай көбейіп бара жатқанда, ішкі саяси реформаның ашық, әділетті, жалғасты болғаны маңызды. Осы орайда азаматтық белсенділік пен қоғамдық бақылауды күшейткен жөн», - деді отырыс модераторы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбаев.

Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов ашты:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму бағыт-бағдарын айқындап берді. Бүгінгідей геосаяси алмағайып заманда ел мүддесін бірінші орынға қоя отырып, мемлекетіміздің территориялық тұтастығы мен халқымыздың береке-бірлігін сақтау маңызды. Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алып жатқан үлкен мемлекет. Әрине, осындай аймақты құрайтын республикамыздың ауылдары мен қалаларын, моноқалаларын, ауданаралық жолдарын заманауи талаптарға сәйкестендіру, инфрақұрылымды дамыту, жергілікті жолдардың сапасын көтеру аса маңызды басымдықтардың бірі. Құрметті «Sarap» эксперттік клубының отырысына қатысушылар! Бүгінгі эксперттік талқылауда аймақтағы сіздерді толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп, оны шешудің оң бастамаларын ұсынасыздар деген сенімдемін».

Шымкент қаласы әкімінің жанындағы отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Баян Жандосова өз сөзінде биыл елімізде педагогикалық бағыттағы білім грантының көлемі көбейіп, бұл жастардың сапалы білім алуына ықпалын тигізетіндігін айтты. Сондай-ақ  білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы күздегі Жолдауында күрделі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Олардың қатарында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу, Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50% балалардың арнайы шотына аудару, инфрақұрылым мәселелері сынды өзекті тақырыптар бар. Бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайға қарамастан елімізде саяси реформалар кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Қабылданып жатқан шаралар бірлігіміз бен ынтымағымызды арттырып, ортақ Отанымыздың дамуына, мемлекеттілігіміздің күшеюіне септігін тигізеді деп сенеміз», - деді ҚҚДИ сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.

«Жалын» жастар ұйымы» ҚБ төрағасы Құрмет Керімбеков Жолдауда айтылған ең өзекті мәселе – цифрландыру деп санайды. Сарапшы цифрлық технологиялардың жедел дамуы салалық проблемаларды шешуге ғана емес, сонымен қатар ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға ықпал ететініне сенімді.

 «Жолдаудағы бес бөлімнен де цифрландыруға қатысты тапсырмаларды көруге болады. Бұған дейін де бізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы жүзеге асырылған. Бұл барлық салаларды қамтыған жоба болды. Бұл Жолдауда цифрландыруды экономиканы тұрақтандыруда, салық жүйесінде, мемлекеттік сатып алуда, жер қатынастарын реттеуде, ауыл шаруашылығында, отбасының цифрлық картасын  жасауда, сот жүйесінде жетілдіру қажеттілігін қолдаймын. 

Ірі бизнесті салықтық жеңілдіктер арқылы ғылыми әзірлемелерге тарту да көкейкесті мәселе. Қазіргі кезде еліміздегі бизнестің отандық ғылымға иек арту деңгейі өте төмен. Егер қаражаттың бір бөлігі салықтық оңтайландыру арқылы осы салаға бағытталса, отандық ғылым біршама алға жылжуы мүмкін», - деді спикер.

Шымкент қалалық ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрайымы Зауре Оралбаева алдағы президенттік сайлау елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетіндігіне сенімділік білдірді.

«2022 жыл жан-жақты реформалар мен өзгерістер жылына айналды. 20 қарашада елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Осы науқан экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді»

«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ

Баспасөз қызметі

Қоғамдық бірлестіктердің белсенділігі маңызды
Түркістан облыстық жедел штабында терроризмнің алдын алу мақсатында оқу-жаттығулар өтуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу