Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысы өтті

Oinet.kz 21-10-2022 538

35.jpg

Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, комиссия мүшелері, құқық қорғау, мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері қатысты. 

Агенттік әр аймақта белең алған жемқорлық фактілерінің негізінде Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер Картасын әзірлеген. Бұл туралы мәлім еткен Саян Ахметжанов Түркістан облысының тәуекелдер картасына өңірде жемқорлық жиі ұшырасатын салалар мен шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің енгізілгенін баяндады. 

- Қазіргі таңда Агенттіктің өңірлерде жұмыс істеуінің басты бағытының бірі - осы тәуекелдер Картасы. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу деңгейін ұдайы жетілдіріп отыру аса маңызды. Агенттігінің мақсаты – қылмыстық істі болдырмау, алдын алу. Түркістан өңірінде жер, су, жол мәселелері мен басқа да әлеуметтік жағдайларға сәйкес жұмыс жоспарлы түрде атқарылуда, - деді Саян Ахметжанов.

Комиссия отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Дархан Сатыбалды күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталып, сыбайлас жемқорлықтың алдын -алу шараларын нығайту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айрықша атап өтті. 

- Мемлекет Басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігін нақты атап өтті. Жалпы, облыста сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі мәжіліс бұл осы бағыттағы жұмыстарда белсенді серпін беретініне сенімдімін, -деді облыс әкімі. 

Жиында сөз алған Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Қанат Қожахметов проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған Карта аясында аумақтық департаментпен атқарылған жұмыстарды атады. Комиссия отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай облыс аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 

Облыс аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Облыс әкімдігі «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдаған. Жобалық кеңсе құрылып, әкімдік қызметкерлерінен жобалық топтар құрылды. Облыстың барлық басқармалары мен квазимемлекеттік ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Пилоттық жоба ретінде, пара алу фактісімен күдікті деп танылғандардың сот отырысына сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдары туралы мемлекеттік қызметшілердің санасына әсер ету мақсатында әріптестері қатыстырылуда. 

Жиын соңын қортындылаған өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы басқарма басшылары мен аудан/қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарына жол берген әрбір тұлғаның жауапкершілігі ескерусіз қалмайтынын қатаң ескертіп, күн тәртібінде қаралған салалар мен мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.


«Voice of Turan» байқауы басталды
Превенция қызметінің басшысы кәсіпкерлермен кездесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу