Түркістанда зергерлік бұйымдар өндірісі ашылады
Астана қаласында жыл сайынғы Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел (Kazakhstan GlobalInvestment Roundtable, KGIR-2022) өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара аясында Түркістан облысында бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдар өндірісі және ірі қара, ұсақ малға арналған құлақ тегтерін, шприцтерді және қан алуға арналған сыйымдылықтарды өндіру өндірісін бастау бойынша Түркістан облысы Инвестиция және Экспорт басқармасының басшысы Қайрат Әзімов пен «Пирамида Комплект» ЖШС, «CAPABLE GROUP» компаниясы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
Маңызды жиынға жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнестің, инвесторлардың, беделді сарапшылар мен пікір көшбасшыларының 500-ден астам өкілдері шақырылған. Қазақстан жағынан салалық министрліктер мен квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, отандық бизнес өкілдерінің жетекшілері қатысты.
KGIR-2022 күн тәртібінде талқыланған мәселелер – әлемдік экономиканың дамуы, жаһандық және өңірлік инвесторлар үшін Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен мүмкіндіктері, жаңа экономикалық шынайылық жағдайындағы азық-түлік қауіпсіздігі мен логистика.