Мұқан Егізбаевтың 60 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді
Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен облысқа белгілі медицина саласының майталманы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Егізбаевтың 60 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілмек. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірілік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Медицина саласының білгірі осы уақытқа дейін талай шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Дертіне дауа іздеген талай жанның алғысын алған, алтын қолды дәрігер 2020 жылы өмірден өткен болатын.
Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, 21 қазан күні Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас мамандарының қатысуымен облыстың барлық орталық, қалалық және аудандық емханаларында Ашық есік күні өтеді.
Сондай-ақ, облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық балалар ауруханасының, облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мен облыстық офтальмологиялық ауруханасының кеңестік-диагностикалық емханаларында да өткізіледі. Шеберлік дәрістері мен түрлі іс-шаралар Шымкентте де ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, 21-22 қазан күндері Халықаралық мультидициплинарлық шеберлік дәрісі облыстық клиникалық ауруханасы мен облыстық балалар ауруханасында өтеді. Сонымен қатар, Сайрам аудандық орталық ауруханасы мен облыстық тері-венерологиялық диспансері орталықтарында ұйымдастырылады.
Қоғамдағы медицина қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастырып, медицина саласының беделін көтеруге ықпал ететін өңірдегі үздік дәрігерлерді анықтау мақсатында өткен академик М.К.Егізбаев атындағы сыйлық үшін конкурсқа 26 қыркүйектен 16 қазанға дейін өтінімдер қабылданған. Конкурс қорытындысы 21 қазан күні облыстық клиникалық ауруханада жарияланады.
Айта кетсек, Мұқан Кеңесбекұлы Шымкент қаласының, Түркістан облысының медицина саласының дамуына өзіндік үлес қосқан білікті басшы, клиникалық және функционалдық медицина академиясының академигі еді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыстық мәслихат депутаты қызметтерін абыроймен атқарған. Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының Құрметті азаматы болды.