Агроқұрылымдар күзде мол өнімге қол жеткізбек
Табиғаты қолайлы жері шұрайлы Сайрам ауданында ауылшаруашылық саласы қарқынды дамып келеді. Салаға жауапты мамандардың дерегінше Сайрам ауданы бойынша ағымдағы жылдың өнімі үшін егілген дәнді-бұршақты дақылдардың егіс көлемі 19 781 гектар. Оның ішінде күздік бидай 17001 гектарды құрайды.
Былтырғы жылы ауа-райының қолайсыз болуына байланысты дәнді дақылдардан алынған өнім көлемі орташа есеппен гектарына 9 центнерден өнім жиналып, жалпы өнім көлемі 18232 тонна болды. Оның ішінде күздік бидайдан алынған өнім көлемі гектарына 8,5 центнер болды.
Биылғы жылы ауа-райы қолайлы болғандықтан, биылғы жылдың өнімі үшін егілген дәнді-бұршақты дақылдардан алынатын өнімнің түсімі гектарына орташа есеппен 18-20 центнер, яғни алынатын жалпы өнім көлемі алдыңғы жылға қарағанда екі есеге артады деп күтілуде.
Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 20-25 күн ішінде астықты толық орып, жинап алуды көздеуде.
Ауданда күздік бидайдың «Стекловидная-24», «Память-43», «Интенсивная», «Красноводопадская-23», «Третикале» (Орда) сорттары егіледі.
Ақбұлақ ауылдық округі аумағында орналасқан «Нышанбек» өндірістік кооперативі 1000 гектар, «Қарасай Батыр-2» өндірістік кооперативі 200 гектар, «Әкімбек Омарбек-ата» шаруа қожалығы 210 гектар, «Пошан ата» өндірістік кооперативі 230 гектар, «Самат ШТ» ЖШС-і 200 гектар, «Қос Қызыл» шаруа қожалығы 250 гектар, «Фирма Қазыбек» ЖШС-і 270 гектар жерге және де басқа агроқұрылымдар күздік бидай еккен.
Сонымен қатар, Қайнарбұлақ ауыл округінде орналасқан «Нұр-Көл» ЖШС-нің директоры Сарманов Жамбыл 4600 гектар жерге масақты дәнді дақылдар еккен. Серіктестік тарапынан бидайдан гектарына 28-30 центнерге дейін өнім алуы жоспарлануда.
Аудан аумағында орналасқан агроқұрылымдар мен жеке кәсіпкерлердің астық ору дала жұмыстарына 772 дана трактор, 171 дана астық оратын комбайн және 445 дана трактор тіркемесі қатысуда.
Таяуда аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков Қарамұрт ауылдық округіндегі «Мехнат-21» өндірістік кооперативіне қарасты 2 өнім алынатын алқаптың жұмысымен танысты.
Аталған кооперативтің басшысы Тайжанов Абрордың сөзінше, жер көлемі 5 гектар аумақты құрайды. Бір жерінен бірінші өнімі 1000 бумаға жуық жоңышқа алынды. Екінші өнімі сүрлемдік жүгері егіліп, өсірілуде. Алдағы уақытта әр гектарынан 40 тонна көлемінде өнім алынатыны күтілуде. Ағын су және техника жеткілікті.
Аудан әкімі ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдердің сапасы мен сұранысын, сонымен қатар өнімділікті арттыру бағытында жұмыстарды жалғастырудың қажеттілігін атап өтті. Диханшылыққа арналған мемлекеттік қолдаулар және өзге де көмек түрлерін ұсынды.
Айта кетелік, аудан бойынша биылғы егілген дәнді бұршақты дақылдардың егіс көлемі 19 781 гектар болса, соның ішінде дәндік жүгері 260 гектарды құрайды.
Мұнан соң аудан басшысы Қарамұрт ауылдық округін аралау барысында бидай өсірумен айналысатын «Тажимат ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.
Қожалықтың басшысы Хадиметов Дильмурад. Өзіне тиесілі жер көлемі 40 гектар аумақты құрайды. Жеріне егілген бидай сұрыпы «Стекловидная-24». Жиын терім науқанында 40 центнер гектарынан күтілуде. Бүгінгі таңда шаруашылықтың 6 техникасы бар, қосымша 3 техника жалға алынған.