Жаңа емдеу орталығы ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы баяндамасында, ұлт денсаулығы мемлекетіміздің басты байлығы екенін айтып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмектердің сапасын жақсарту және олардың халыққа қол жетімді болуын қамтамасыз ету, отандық медицина ғылымын дамыту, сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Түлкібас ауданында медициналық нысандардың қатары көбейіп, медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді.
Айталық заман ағамына сай аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында жаңа ғимараттар бой көтеріп, орталық аумағы абаттанып келеді.
Осы мақсатта тұмса табиғаты көркі болатын ауданға келушілерге арналған тағы жаңа сауықтыру кешені салынып, аяқталды. Қасиетті Құрбан айттың үшінші күні Т.Рысқұлов ауылында салынған «Түлкібас саясы» емдеу-сауықтыру кешені құдайы ас беріп, ел ағаларының батасын алды.
Аудан тұрғындары қатысқан аста аудандық мәслихаттың хатшысы С.Сейсенбаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Расулбеков, ауданның құрметті азаматы С.Таңатбаев тағы басқалар сөз сөйлеп, жаңа сауықтыру кешеннің ашылуымен құттықтап, ел үшін қызмет етуіне ыстық лебіздерін білдірді.
Жалпы нысанның құны 420 млн.теңгеден асады. Кешенде ауыл тұрғындары үшін 50 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Кешен жылына 1000 -1500 шамада емделушілерді қабылдауды мақсат етіп отыр. Ғимарат аймағы 3 га құрайды. Нысан кәсіпкер А.Бегалиева бастамасымен қолға алып, алдағы уақытта республика халқы үшін қызмет етпек. Емдеу-сауықтыру орталығы омыртқа және буын ауруларын емдеуге бағытталған.