Жаттанды цифрлардан арылу керек
Аудан әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде аудан бюджеті, агросектор, жер қатынастары, кәсіпкерлік, сәулет, құрылыс, коммуналдық саладағы атқарылған жұмыстар мен жоспарлар бойынша баяндама жасалды.
Аудан басшысы дайындалған баяндамалардың сапасының төмендігіне тоқталып, аудан әкімінің орынбасарлары мен салалық бөлім жауаптыларына өңірдің 5 жылдық даму жоспарына сай алда атқарылатын жоба-жоспарларды кезең-кезеңімен жүйелеп әзірлеуді тапсырды.
Жұмыс нәтижелерін көрсетуде дәлелсіз статистикалық мәліметтер, жаттанды цифрлардан арылып, ауданның жергілікті шарт-жағдайын, мүмкіндіктерін ескере отырып жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті.
Нұрбек Бақтыбайұлы әсіресе аудандағы кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту бойынша арнайы құрылған жұмысшы топтың іс-қимылын жандандыруға тоқталып, ауыл, елді мекендердегі бизнес бастауға ниетті азаматтарға барынша қолдау көрсетуге шақырды.
Сондай-ақ жиналыста аудан басшысы жауапты бөлімдерге Бадамдағы Қазақ-Түрік индустриялды аймағына сапалы инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстарын күзге дейін толық аяқтауды жүктеді.
Аппараттық мәжілісте хаттамалық тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалып, аудан әкімі тарапынан берілген тазалық, байланыс қызметі туралы тапсырмаларды уақытылы орындамаған мекемелер мен мекеме басшыларына ескерту жасалды.