Түлкібаста футбол алаңшасы ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спорты әрдайым еліміздің басым бағыты екенін үнемі айтып келеді. Былтырдан бастап өзінің тапсырмасына сәйкес спорт саласындағы мемлекеттік тапсырыстар бойынша жан басына қаржы бөлу іске қосылған болатын.
"Бұл шешім спорт секциялары мен аула клубтарының дамуына тың серпін берді. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылды Балалар жылы деп жарияладым. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғам күш біріктіруі қажет. Қолға алынған осы іс-әрекеттер балаларымыздың денсаулығын нығайтуға, оларды рухани, адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге септігін тигізеріне сенімдімін. Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз",- деді Президент өз сөзінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Балалар» жылына арналған игі шаралар Түлкібас ауданында жалғасын табуда. Бүгін ауданға қарасты Шұқырбұлақ елді мекенінде ауыл тумасы Әбдіраймов Бағжан Елетанұлының демеушілігімен жаңа кіші футбол алаңшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Н.Байғұт және мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандарымен құттықтап, игі іске мұрындық болған Бағжан Елетанұлына Алғыс хаттарын табыстап, дәстүрімізге сай иығына шапан жапты.
Сонымен қатар, салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен Бағжан Елетанұлының құрдастары ыстық лебіздерін білдіріп, жомарт жанға тұлпар мінгізді.
Бүгінде Түлкібас ауданында 9 кіші футбол алаңшасы ел игілігі үшін қызмет етеді. Биылғы жылдың өзінде аудан әкімдігінің қолдауымен демеушілер есебінен 3 кіші футбол алаңшасы бой көтеріп, пайдалануға берілген. Қосымша үстіміздегі жылы демеушілер есебінен Азаттық және Жәрімбетов елді мекенінен жаңа спорт нысандары пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылысы жүзеге асуда.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысымен Түлкібас ауданы тұрғындарының 34,8 пайызы тұрақты спортпен шұғылдануда. Бұл көрсеткішті биылғы жылы 38,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.