Халық үніне құлақ асып жүр

Oinet.kz 04-08-2022 231

Screenshot_19.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасына" сәйкес Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың кезекті іс-сапары Шұбарсу ауыл округінде жалғасын тапты. 

Ауылда атқарылып жатқан инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарының сапасын тексеру мақсатында Ә.Омаров көшесіндегі асфальт төселген жолмен жүріп өткен аудан басшысы құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген мердігер мекеме басшысына қатаң ескерту жасап, осы айдың соңына дейін келтірілген қолайсыздықтарды қалпына келтіруді тапсырды. 

Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін көше бойындағы су құбырларының қақпағын сапалы етіп істеу керектігін айтып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 жыл бұрын республикада 800 мектеп салуды міндеттеген болатын. Бірақ бұл елдегі тапшылық мәселесін шешпейді. Қазір мектептерде әрбір баланы оқу партасымен қамтамасыз етуге қосымша 225 мың орын қажет. 2025 жылы көрсеткіш 1 млнға жетуі мүмкін. Сондықтан Президент алдағы 4 жылда мәселені түбегейлі шешуді тапсырды. Жаңа мектептер құрылысына бюджеттен бөлек, жеке инвесторлардың қаражаты тартылады. Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша елімізде көш басында. Жыл сайын жаңа мектептерге қажеттілік туындауда. Сондықтан мемлекет басшысы айтқан 1000 мектептен Түркістан облысына тиетін үлес көп. Мамандардың сөзіне сенсек облыста 945 мектепте 500 мыңнан астам бала оқиды. Былтыр бюджет есебінен 78 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 44 мектептің құрылысы аяқталды. 30 мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 91 мектептің асханасы жаңғыртылды. Осы ретте Ордабасы ауданында да мектеп құрылысы қызып тұр. Айталық биыл Шұбарсу ауыл округіне қарасты «Арал-ЭКО» алабында 600 орындық мектеп құрылысы басталған болатын. Аталған білім беру мекемесінің құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде жаңа мектеп ғимараты келер жылдың күз айында пайдалануға берілетіндігін жеткізді. 

Осылайша жаңа мектеп іргесіндегі 4 жылдық «Парасат» бастауыш мектебінің оқушылары 2023 жылдан бастап жаңа ғимаратта білім алатын болады. 

Аталған бастауыш мектеп ғимаратында өткен кездесуде Шұбарсу ІІ алабының тұрғындары аудан басшысына электр жарығы, оқушы тасымалдау, жол мәселесі бойынша талап-өтініштерін ортаға салды. 

Өз кезегінде Нұрбек Бақтыбайұлы республикалық «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шұбарсудың инженерлік-инфрақұрылым жүргізу жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізілетіндігін жеткізді. 

Биыл тұрғындардың талабы бойынша жыл соңына дейін аталған тұрғын алаптың электр жарығы мәселесі шешімін табатынын айтып өтті. Ал, көгілдір отын, жол салу жұмыстары бюджет қаржысының бөлінуіне орай кезең-кезеңімен жүргізілетіндігін тілге тиек етті.

Ауылдарды аралап жүрген аудан басшысы Береке ауылындағы жеке кәсіпкер Мақұлбековтың 15 соттық үйіргелік жылыжай алаңына да барды. Кездесу барысында аудан әкімі отбасылық шағын шаруашылықты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Нұрбек Бақтыбайұлы ауылдық округ әкіміне өз ауласына тамшылатып суару әдісі арқылы қызанақ пен қияр егіп, табысын еселеп отырған шаруаның жемісті кәсібін  басқада ауыл тұрғындарына үлгілі ету жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар әкім Шұбар ауылындағы «Сандуғаш» жеке шаруашылығының құс фабрикасының жұмысымен танысты.

Аудан басшысымен кездесуде жеке кәсіпкер шаруашылыққа қажетті электр қуаты мен ағын су, қолжетімді құс азығы мәселесі бойынша әкімдіктен қолдау күтетіндігін жеткізді.

Кәсіпкермен кездесуде айтылған мәселелер бойынша Нұрбек Бақтыбайұлы салалық бөлім басшысына тапсырма жүктеп, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсететіндігін айтып өтті.

Аудан әкімі кезекті ауыл аралауында Тоқсансай ауылындағы Шұбар өзенінен бастау алатын «Шұбар-Қайшылы» каналының бас су тоспасының мәселесімен танысты.

Жаз айларында ағын судың атыз басына іркіліссіз жетуі үшін аудан әкімдігінен қолдау сұраған шаруаларға Нұрбек Бақтыбайұлы  мәселені саралап, каналдар бойынша жол картасы әзірленетіндігін жеткізді.

Әлеуметтік нысандарды аралады
Тәлім жерді игергендер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу