Әлеуметтік нысандарды аралады
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесуі" туралы Жарлығына байланысты Төрткөл ауылдық округіне қарасты Спатаев, Еңбекші, Нұра, Көкарал, Арыстанды, Жайылма, Ақсары ауылдары, Елшібек батыр, Қызылжар, Төрткөл елді мекендерін аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ауылдарда уақытылы шешімін таппаған инженерлік-инфрақұрылым, ағын су, ортақ жайылым, тұрғындарға аса қажетті әлеуметтік нысандар туралы ауылдастардың өтініштерін тыңдады.
Нұрбек Бақтыбайұлы тоғыз жолдың торабында орналасқан Көкарал ауылында асарлатып салынған ескі фельдшерлік-акушерлік пункттің мүшкіл жағдайымен танысып, сала жауаптыларына ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсететін жаңа ФАП құрылысын жүргізу қажеттігін тапсырды. Ал Шұбар ауыл округіне іс-сапары барысында Аққойлы ауылындағы Ақбастау бастауыш мектеп пен Жусансай, Сарытоғай ауылдарындағы фельдшерлік пункттің құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер мекеме басшыларына аталған нысандарды алдағы күз айында құрылыс жұмыстарын аяқтап, ел игілігіне беруді тапсырды.
Сапар барысында аудан әкімі Арыстанды, Нұра ауылдарындағы таза судың сапасына көңілі толмаған ауыл тұрғындарының өтініштерін де назардан тыс қалдырмады.
Аудандық «Таза су» мекемесі жауаптыларына су сапасын экспертизадан өткізуді айтып, ескірген құбырларды тез арада жаңарту керектігін ескертті. Аудан басшысы бір апта ішінде ескірген су сорғы қондырғыларын ауыстырып, жауапты мекеме басшыларына ауылдың су жүйелерінің схемасын жасауды міндеттеді.
Аудан басшысы Елшібек батыр ауылында ұзақ жылдардан бері шешімін таппаған Төрткөл төбе ЖОМ ғимаратын аралап, ауыл тұрғындары мен ұстаздардың жаңа мектеп салу ұсынысын тікелей өз қадағалуына алатынын айтып өтті.
Ауылдық округ аумағында қабырғасы қаланып жатқан білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің құрылыс алаңында болған аудан басшысы нысандарды алдағы ай көлемінде сапалы етіп, ел игілігіне беруді талап етті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Ордабасы ауданында нақты істермен жалғасуда.Аудан әкімі Бағлан Батыршаевтың жергілікті тұрғындармен кездесуінде жұрт тарапынан көтерілген мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр екен. Соның бірі Төрткүлдегі күре жол мен аяқ жол мәселесі оң шешімін тапқан. Ал, ауданды бөле жарып өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің жергілікті халқы үшін пайдасы зор болып тұр.
Биыл ауданда 54 жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл ретте де мемлекеттік «Ауыл ел бесігі»жобасы көп көмегін тигізіп жатыр. Атап айтар болсақ күре жолдың бойында орналасқан Төрткүл ауылындағы орталық Қонаев көшесі толықтай жаңғыртылыпты. Уақыт өте ескірген жол жабындысы толықтай сырылып, жаңа асфалт төселген.
Аққойлы ауылына сапарында әкім іргетасы XIX ғасырдың басында қаланған сәулеттік ескерткіш – «Ишан базар» мешітінде болып, тарихи нысанның қазіргі жай-күйімен танысты.
Сондай-ақ, мешіт іргесіндегі мәдени мұра – көне қыш күйдіру орнын қайта қалпына келтіру бойынша сала мамандарымен кездесті.
Нәтижесінде аудан басшысы жауапты мекеме басшыларына облыстық Мәдениет басқармасымен бірлесе отырып, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жолдауды жүктеді. Әрі «Ишан базар» мешітін реставрациядан өткізуге бюджеттен қаржы сұрауды тапсырды.
Тарихи деректерге сүйенсек, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қабырғасына қаланған қыштар осы Аққойлыдағы мешіт іргесінде күйдірілген.
Тағы бір ерекше атап өтетін мәселе аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде халық тарапынан бірнеше күрмеулі мәселе көтерілген екен. Соның бірі Төрткүл ауылындағы аяқ жол мен Елшібек батыр және Қарақұмдағы жол. Жергілікті билік халық үніне құлақ асып күре жолдың бойына аяқ жол төсеп, ауылға баратын жолдарды асфалттап жатыр.
Ал, Қарақұмдағы тірліктің науайы бөлек. Бір кездері одаққа жүзімінен жасалған сусынымен аты әйгілі болған ауылда шашылып жатқан көше көрмейсің. Барлығы тап-тұйнақтай таза. Ауыл ішіндегі күре жол құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Былтыр ескі жол сүріліп қос қапталына су ағар мен аяқ жол салынған. Биыл асфалт төселіп жатыр.
Елді мекендерді жарықтандыру ісі бойынша да жоспарлы жұмыс бар. Ең бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға баратын жол бойын жарықтандыру ісі жүргізілуде екен. Оған қоса ауыл ішіндегі газ құбырын мен су тарту жұмыстары бітпейінше жолға асфалт төселмейді. Өйткені жаңа жол бүлінеді. Сондықтан барлығы жүргізіліп болған соң барып жол салынады,дейді әкімдіктегілер.
Ендігі мәселе ауыл ішіндегі тас жолдарға асфалть жабындысын төсеу, дейді мамандар.
Төрткөл Мәдениет үйінде аудан әкімі Нұрбек Бадырақовпен кездескен аудан тұрғындары жаңа басшысының алғашқы жұмысын ауыл аралап, мәселені халықтың өз аузынан естімек болған бастамасына ризашылығын білдіріп, қызметіне табыс тіледі.