Өмірзақ Шөкеев: «Кездесуде айтылған сөздер жерде қалмайды»
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданына барып, халықпен кезекті кездесуін өткізді. Ашық әрі еркін форматта өткен жүздесуде мырзашөлдіктер көкейде жүрген сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді қозғады. Облыс әкімі Мақтаарал ауданын дамыту назарда тұрғанын айта келе атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Бүгін өздеріңізбен тағы да жүздесіп тұрмыз. Басты мақсат – елдің өзекті мәселелерін талқылау, шешу жолын жоспарлау. Жалпы Мақтаарал ауданының мәселелері маған өте таныс. Сондықтан тиісті көңіл бөлініп келеді. Су тасқыны болған кезде ауданға 5 айда 35 рет келіппін. Өргебас, Фирдауси ауылдары жаңарып, Мырзакентте жаңа шағынаудан пайда болды. Мақтааралды жаңадан құрылған деп айтуға болады. Қазіргі таңда аймақ өз деңгейінде дамып келеді. Биыл диқандар ерте пісетін көкөністен жақсы өнім жинады. Бақшаның да маусымы аяқталып жатыр. Ауданда газдандыру жұмыстары жалғасуда. 5-6 жыл бұрын облыстағы кейбір аудан, қалаларға газ жоқ еді. Қазір облыстың 60 пайызы газдандырылды. Түркістан қаласында газбен қамту еселеп артып, толық қамтылды. 2013 жылдан бері құбырлар салынғанымен газ таратушы ірі компаниялармен түсініспеушілік болып, газдандыру саябырсып тұрған. Бұл мәселені арнайы жеткізген соң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма беріп, газ тарату ісі жанданды. 2025 жылға дейін өңірдің 70 пайыз газбен қамтылуы тиіс. Биыл Мақтаарал ауданында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 9 нысанның құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс жүріп жатыр. Осы жылы ел игілігіне беріледі. Кездесуде айтылған сөздер жерде қалмайды. Тиісті хаттама түзіліп, назарға алынады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Кездесуде мақтааралдық көпбалалы ана АӘК алатын отбасылардың балаларына мектеп формасын алу мәселесін көтерді. Өңір басшысы бұл мәселе шұғыл зерделеніп, облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаралып, 52 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы әперіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ Қоңырат көшесін жөндеу, көпір салу, өндірістік-техникалық комбинатқа қолдау көрсету мәселелері де шешілетін болды. Облыс әкімінің жеке қабылдауында да бірнеше тұрғынның өтініші тыңдалып, тиісті басшыларға тапсырмалар берілді.
Жүздесу барысында мақтааралдықтар Мырзакентте жаңа шағынауданның бой көтеруіне қайрат көрсете білген, ауданның дамуына атсалысып жүрген аймақ басшысына алғыстарын білдірді.
Облыс әкімінің мақтааралдықтармен сәуір айындағы кездесуінен кейін бірқатар мәселе шешімін тапқан. Атап айтсақ, Атакент кентіндегі тік дренаждар ұңғымаларының ескі насостары қуаттылығы жоғары жаңа насостарға ауыстырылды. Игілік ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталған. Биыл тапсырылады. Иіржар ауылдық округі, Алаш елді мекенінің газ құбырларының құрылысы қарқын алды. Иіржар елді мекенінің ауыз су құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Ел ұсынысына орай Өркениет елді мекенінде 200 орындық типтік үлгідегі мектептің құрылыс монтаж жұмыстары басталған. Аудан аумағында 60,96 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, бұл сала да дамып келеді.
Биыл Мақтаарал ауданында жалпы құны 5,1 млрд. теңге құрайтын 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нысандар 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар Мырзакент кентінде аудандық әкімшілік ғимараты салынып жатыр. Ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында республикалық бюджеттен 402,2 млн. теңге қаржы қаралып, Ж.Нұрлыбаев және Жамбыл ауылдық округі елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және КТП орнату жұмыстары басталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 9 елді мекенде 28 жоба іске асырылып жатыр.
Жұмыс сапары барысында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов өңір басшысын ауданның өзекті мәселелерімен таныстырды. Олардың шешу жолдарын талқылап, жаңадан қолға алынатын жобаларға тоқталды.
Өмірзақ Шөкеев Абат ауылындағы жаңа оқу жылы ашылатын Ж.Нұрлыбаев атындағы №49 жалпы орта мектебінің 300 орындық жаңа ғимаратында болды.