Инфрақұрылым жүйелері заман талаптарына сай жаңаруда

Oinet.kz 28-07-2022 265

элжели.jpg

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртаев Ленгір қаласының әкімі Нұргелді Клушевпен бірге аудан орталығында жүзеге асуы тиіс жобалар барысын талқылады. Осы мақсатта қала аумағында жаңа массивтерге тартылған инфрақұрылым жүйелерінің құрылыстарымен, көпқабатты тұрғын үйлердің жайымен танысты.

Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласының территориялық аумағы жыл санап артып келеді. Сәйкесінше, тұрғындар саны да өсуде. Аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлер мен қатар жеке сектордағы үйлер саны да көбейген. Нәтижесінде, Ленгір қаласының аумағы бірнеше шағын мөлтек аудандарға бөлінді. Тұтынушылардың саны артуына байланысты бүгінгі күні аудан аумағындағы инженерлік-коммуникация жүйелерін толығымен жаңарту, жаңа массивтерге оны жүргізу қажеттігі туындап отыр. Елді мекендер ғана емес, аудан орталығы Ленгір қаласының да сапалы электр энергиясына деген қажеттілігі жоғары. Себебі, қарапайым тұрғындардан бөлек әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар да сапалы электр энергиясына зәру.

Аталған мәселені шешу бағытында тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, 2 млрд 169 млн теңгені құрайтын Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы 2,0 га жер теліміне ПС-110/10 кВт қосалқы станциясының құрылысы қаржыландыруға ұсынылып, қолдауға ие болды. Бұған қоса, аталған мөлтек ауданның барлық көшелеріне электр желілерін жүргізу үшін 680 млн теңге қаржы қаралды. Алдағы уақытта бұл қаржы бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.

Сонымен қатар, «Алатау» мөлтек ауданының көшелеріне жаңа ауыз су және газ құбырларын тарту бағытында жұмыстар атқарылуда.

Электр подстанциясы іске қосылған жағдайда аудан орталығының «Қазығұрт», «Самал», «Алатау», «Шаңырақ» мөлтек аудандарындағы жеке тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады.

Сондай-ақ, Ленгір қаласы, Алатау мөлтек ауданында, ұзындығы 2,4 шақырымды құрайтын №4, №6, №7, №8, №23, №25 көшелеріне тас төсеу жұмыстары ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында жүргізілетін болады.

Қазыбек би көшесі – Ленгір қаласындағы орталық көшелердің бірі. Көше бойында жеке тұрғын үй секторларымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлер шоғырланған. Көше тұрғындары әлеуметтік желіде, жеке қабылдауларда жол мәселесі жөнінде жиі көтерген соң, халық өтініші негізінде оған асфальт төсеу қажеттігі туындады. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлануда.

Бұдан кейін аудан басшысының жұмыс сапары Бірінші Мамыр ауылдық округінде жалғасын тауып, ондағы жаңа массивке салынып жатқан инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысымен танысуға ұласты. Аталған ауылдық округ – халқы саны жөнінен ауданда Ленгір қаласынан кейінгі екінші орында тұрған аймақ болып саналады. Аумақтағы халық жыл санап өсуіне байланысты, тұрғындарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлу мәселесін туындап отыр. Осыған орай, жаңа массивтерге инфрақұрылым тартылуда. Бүгінгі күні 265 дана жер учаскесіне ауыз су, электр желілері жүргізілуде.

Ауыз су құрылысына республикалық бюджет есебінен 240,4 млн теңге бөлініп, мердігер «Агроспецмонтаж» ЖШС-і қазіргі кезге дейін 16,4 шақырымға полиэтиленді құбыр тартып, 135 дана құдықтар орнатты. Нысанның сол жақ бетіндегі магистральды полиэтиленді құбырлардың траншея қазу жұмыстары және резервуардың қабырғаларын бетонмен құю жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда резервуарға қосылу үшін темір болатты құбырлар нысан басына әкелініп, жұмыстар басталуда.

Ал, электр жүйелерінің құрылыс жұмыстарына республикалық бюджет есебінен 102,5 млн теңге қаралды. Мердігер «Қуат Құрылыс» ЖШС-і. Бүгінгі күні жаңа массивке 278 электр бағаналары мен 10,8 шақырым электр желілерін жүргізіп, 1 дана трансформатор орнатты.

Қазіргі кезде ауыспалы нысандарда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

 


Жеке қабылдаудағы мәселелер бақылауға алынды
Дихандар әр гектардан 20-25 центнер өнім алмақшы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу