Дихандар әр гектардан 20-25 центнер өнім алмақшы

Oinet.kz 30-07-2022 304

астык.jpg

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданына арнайы іссапармен келіп, астық ору барысымен танысты. Өңір басшысы аудан диқандарына жолығып, өнімділікті арттыру, ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды қолдану мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бүгінгі күні аудан аумағында шаруалардың бірі мал азығын жиса, енді бірі егін орып, қамбаларға дән құюда.

Жалпы ауданда 15 мың гектар жерге егілген күздік және жаздық бидайдан дихандар егістіктің әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлауда. Аудан аумағында егін орағына 57 комбайн, 500-ден астам агротехника тартылған.

Облыс басшысы «Бірлік» өндірістік кооперативінің егіс алқабындағы бидай ору жұмыстарына оң бағасын берді. Аймақ басшысының тапсырмасына сай, биыл да өңір әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосуды міндеттеріне алған шаруалар егінге дер кезінде орақ салып, дала төсінде еңбектің көрігін қыздырды.

шукеев1.jpg

– Облыстың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, үш негізгі бағытты дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл шағын және орта бизнесті дамытып, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану туралы тапсырмасы аясында жеке қосалқы үй шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру тәжірибесі енгізілді. Жобаны іске асыру аз қамтамасыз етілген отбасылардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тамшылатып суғару технологиясымен 10 соттық қосалқы үй шарушылықтары игеріліп, әрбір отбасы 1 млн. теңгеден астам қосымша табыс алуда, – деді өз сөзінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Төлеби – аграрлы аудан. Аудандағы барлық өнімінің 60 пайызы аграрлық секторға тиесілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынып, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Аграрлы секторға қажетті жаңа технологиялар енгізу жоспарлануда. Бұған қоса, шаруалар техникаларын жаңартуға мемлекеттен субсидия алып, бір жерден екі өнім алу жобасын қарқынды жүзеге асыруда.

шукеев.jpg

Сала мамандары суармалы жерлерді көбейтіп, егіс алқабының көлемін арттыру бағытында жұмыстар жүргізді. Бүгінгі күні аудан аумағында суармалы және тәлімі егістік алқаптары, мал жайылымдық жайлаулары бар. Аудан жері астық өсіруге де, төрт түлік малға да жайлы, халқы ауыл шаруашылығымен айналысуға бейім.

Ауданда астық ору науқаны басталып, жалпы 15 мың гектар жерге егілген күздік және жаздық бидайдан дихандар егістіктің әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлауда.

Егіс ору науқанын алғашқылардың бірі болып, «Қазығұрт» өндірістік кооперативі бастады. Шаруа қожалығы 1400  гектар егінді алқапқа егілген арпа мен бидайды жинауға 10-ға жуық агротехника тартып, қырман басында 20 жуық жұмысшы дамылсыз еңбек етуде.

Шаруалар жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түсуде. Жанар-жағармай жеткілікті. Жалпы, аудан аумағында егін орағына 57 комбайн, 500-ден астам агротехника сақадай-сай дайын.


Инфрақұрылым жүйелері заман талаптарына сай жаңаруда
Елдің электр знергиясын арттыратын жоба!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу