Баға, мектеп, жанармай мәселелері кезең-кезеңмен шешімін табады

Oinet.kz 10-08-2022 560

Screenshot_6.jpg

Түркістан облысында биыл 21 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін облыс орталығында  202 орындық студенттік жатақхана да қолданысқа беріледі. Осы және өңірдегі өзге де өзекті мәселелер «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракциясының кезекті мәжілісінде қаралды. 

Бүгін жиында білім саласынан бөлек, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар жалпы 4 мәселе зерделеніп, талқыланды. Отырысқа Түркістан облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, «AMANAT» партиясы өңірлік филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, жауапты басқарма басшылары және орынбасарлары Д.Болатханұлы, А.Өсербаев, Т.Үсібалиев, Н.Әбдіразақова, фракция мүшелері қатысты. 

Мәжілісті жүргізген фракция жетекшісі Б.Тәжібаев оқу кезеңі жақындағанда туындайтын бірқатар мәселеге тоқталды. Т.Үсібалиевтің хабарлауынша, биыл облыс көлемінде 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы, республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 20,5 млрд.теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 21 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Соның ішінде Мақтаарал ауданындағы 300 орындық 1 мектептің құрылысы толық аяқталған. Алайда 9 мектептің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен, мердігер мен техникалық қадағалаушы мекемелерге жалпы 7,1 млн.теңге айыппұл салынған. 

Мектеп құрылысына қатысты мәселені жалғаған адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлына Төлеби, Сауран, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы апатты жағдайдағы, үш ауысымға өту қаупі бар және құрылысы тоқтап тұрған мектептер жайлы сын-пікірлер айтылды. Мәселен, фракция мүшесі Ғ.Елшібай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын таулы аймақтарда іске асырудың қажеттігі жоқ екендігін атап өтіп, мектеп салу мәселесінде демографиялық өсімді ескеру керектігін жеткізді. Басқарма басшысы бірқатар сауалдарға жауап беріп, жекелей талдау жүргізілетінін және ресми жауап жолданатынын хабарлады. 

Облыста 2 жоғары оқу орны мен 54 колледжде жалпы саны 35700-ге жуық студент білім алады. Б.Тәжібаев Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде құрылысы тоқтап тұрған жатақхана мәселесін қозғады. Қоғамдық даму басқарма басшысы А.Өсербаев жерге қатысты даулар туындап, шешілу жолдары қарастырылу барысында деді. Аталған университетке қарасты 7 жатақханаға қосымша 316 орындық 2 жатақханамен қамту үшін келіссөздер жүргізілуде. Ал 1300-ден астам студенті бар Халықаралық туризм және меймандостық университетіне қосымша биыл 202 орындық 1 жатақхана қолданысқа берілмек.

Сондай-ақ жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету бойынша Н.Әбдіразақованың баяндамасы тыңдалып, фракция қатысушылары мұнай тапшылығы байқалатынын және талдау жүргізу қажеттігін ескертті. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша Н.Иманқұлов облыста атқарылып жатқан шараларды баяндады. Фракция жетекшісі баға өсімі бойынша партия филиалдарының жүргізген мониторинг нәтижесін назарға ала отырып, жұмыстарды жүйелендіру жайында ұсыныс білдірді. Сондай-ақ ол, Жол картаға енгізілген 15 мектептің құрылысына қаржы қарау мәселесін және “Мектепке жол” акциясына қатысты дауларды толыққанды шешуді назарға алуды ұсынды.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары А.Сәбитов мектептердің құрылыс жұмыстарына,  оның ішінде саны емес сапасына, бала санының өсіміне байланысты талдаулар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Соған сай жыл соңына дейін бюджетті жоспарлау барысында нақты мәліметтермен жұмыстар атқарылмақ. Айтуынша алдағы 5 жылда мектеп құрылысы мәселесі түбегейлі шешіледі. Күн тәртібіндегі жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша ұсыныстар бақылауға алынып, тиісті тапсырмалар жүктейтінін мәлімдеді. 

Түркістанда музей қызметкерлері Абай күнін кең көлемде атап өтті
Түркістанда Абай күні тағылымды іс-шаралармен өрнектелді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу