Бар жақсылық балаларға
Президент жаңа жылдық құттықтауында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулығы мен білім сапасын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру басты міндет екенін айтқан еді.
«Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Түркістан қалалық әкімдігінің қолдауымен "Мейірімді жүрек" қайырымдылық акциясы өтті. Балалар жылы қарсаңында ұйымдастырылған шара шаһардағы ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлауды мақсат етті.
Қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы сөз алып : "Балалар - біздің қуанышымыз. Олардың өмірге деген құштарлығын күшейтіп, жағдай жасау ортақ міндет. Бүгінгі өтіп жатқан шара да соның бір көрінісі. Ерекше балаларымыздың армандары асқақ, өмірлері бақытты сәттерге толы болғай"деді.
Сонымен қатар, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов пен "Шұғылалы таң" қоғамдық ұйымының төрайымы Дана Орманова да өз кезегінде осындай қайырымды істің басығасында жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Жиын соңында балаларға сыйлықтары таратылып, бүлдіршіндер әннен шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Акция аясында балалар жаңа ашылған саябақты аралап, Керуен сарай кешенінде қайықпен қыдырды.