Түркістанда жаңа зауыт іске қосылды
Түркістанның іргесінде құрылыс материалдарын дайындайтын зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорын темірбетон өнімдерін шығарады. Құрылысы қарқынды өңір үшін жаңа зауытта жаңа технология қолданылады.
Нарықта өнімге деген сұраныс өте жоғары. Зауыттың жобалық құны 1 млрд. теңгеден асады. Оның тең жартысы инвестордың өз қаржысы есебінен, қалғаны жеңілдетілген несиемен жүзеге асқан. Жаңа жұмыс орнында 20-ға жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Жобаның келесі кезеңінде мамандар саны тағы артпақ. Ол кезде шығарылатын өнім түрлері 10-ға дейін көбейеді.
Түркістан облысының индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд. теңге құрайтын, 44 жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылды. Биыл құны 4,2 млрд. теңгені құрайтын 246 жаңа жұмыс орнын ашумен 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда 793 млн. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылды.
Биылғы жылы Түркістан облысы бойынша жалпы сомасы 71,7 млрд.теңге болатын 13 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 1040 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде шетелдік компанияның қатысуымен жалпы сомасы 12,5 млрд. теңге болатын жоба аясында 40 жұмыс орны құрылмақ. Жоспарланған жобалардың басым бағыттары ретінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Жасыл экономика», химия өнеркәсібі құрылысын атап өтуге болады.
Жалпы өнеркәсіп өнім көлемін ағымдағы жылдың қорытындысымен 751,3 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Түркістан облысы қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Облыстың үлкен перспективаларын ескере отырып, «Turkistan Invest» өкілдері Түркістан облысының экономикасына инвестиция салуға шешім қабылдаған отандық және шетелдік инвесторларға көмек көрсету жұмыстарын жүргізеді. Компания аймақ инвесторларына жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетеді.