Құрылыс алаңдарын аралады
Таяуда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков құрылыс алаңдарын аралап, атқарылған жұмыстарды бақылады.
Атап айтқанда Ә.Жангелдин атындағы көшенің 3,8 шақырымына реконструкциялау жұмыстары жүруде. Қазіргі таңда мұнда нысан құрылысына кедергі келтіретін инфрақұрылым жүйелері құбырларының орны ауыстырылып, жол негізі әзірленуде. Ал, І.Қожабаев көшесінде асфальт төселе бастады. Аталған нысандар 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, қала әкімі Б.Майлин көшесінде орнатылған аялдамаларды, Құрбан ата көшесінде атқарылған жұмыстарды көріп, жауапты мамандарға Атабай тас жолы мен Бірлік көшесі бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Ағымдағы жылы қала аумағындағы 46,4 шақырымды құрайтын 40 көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Бүгінде оның 7-уінде жұмыстар аяқталып, қалған 33 көшеде құрылыс жүргізілуде дейді мамандар.
Айта кетейік, Түркістан қаласында жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылы 322,9 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Енді 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
Жалпы, соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған. Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында 4 жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр (15 411 пәтер, 1 001,1 мың шаршы метр). Мамандардың мәліметіне сүйенсек 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген(5 433 пәтер, 342,9 мың шаршы метр).