Төлеген Телғараев аудан орталығы тұрғындарымен кездесті
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жарлығына сәйкес, жыл көлемінде халықпен кездесу өткізеді. Бүгін екінші тоқсанның кестесінде көрсетілгендей, Леңгір қаласы тұрғындарымен кездесті.
Аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров жүргізген басқосуға дербес бөлім, мекеме басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері қатысты. Халықпен кездесу барысында аудан басшысы «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021 жылы атқарылған және 2022 жылы атқарылатын жұмыстары» туралы баяндама жасады.
Аудан орталығы Ленгір қаласында аумақтың барлық әкімшілік ресурстары, ірі өндіріс орындары мен сауда орталықтары орналасқан. Халқының саны 27760, тұрғын үй саны 7191, 7461 отбасы бар. Сегіз жалпы орта мектеп, бір дарынды балаларға мектеп интернаты, үш мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп интернаты, бір бастауыш мектеп бар. Қалалық емхана мен аурухана, 2 ФАП қызмет көрсетеді. Бүлдіршіндерге арналған 11 балабақша қала аумағында орналасқан. Қалада 107 көпқабатты тұрғын үйлер, 6 спорт кешені бар.
2022 жылы қала тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Көктерек су имаратында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Астана көшесінің ауыз су құбыры, №1,№2 кәріз тазалау ғимараттары ағымдағы жөндеуден өтеді. Север мөлтек ауданы, Сәулембаев көшесі, Таскешу елді мекендеріне табиғи газ тарту жұмыстары жүргізіледі. 1-мөлтек ауданы мен Жаңа массив көшелеріне трансформатор орнатылып, қосымша Қазығұр мөлтек ауданына қосымша электр желілері тартылады. Астана көшесінің 3,1 шақырымы жөнделіп, Самал және Алатау мөлтек аудандарының 2,4 шақырымына тас төселеді. Төлеби көшесінің бойынша Арбат салынып, 28 қоқыс жәшігі орнатылады. Ащы көшесінің 1,1 шақырымы жөнделіп, Сәулембаев көшесінің 3,1 шақырымына, Сәуірбайұлы көшесінің 1,4 шақырымына, Ешенқұлұлы көшесінің 0,9 шақырымына, Жамбыл көшесінің 1,3 шақырымына, Тыныбеков көшесінің 2,5 шақырымына түнгі жарық қойылады.
Сондай-ақ, Төлеби, Оқжетпес көшелері мен 1 мөлтек аудан мен Киелітас елді мекендерінің қиылысына бағдаршам орнатылады. Базарная, Дүйсемұратұлы көшелеріндегі тұрғын үйлер мен Алатау мөлтек ауданындағы инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылыс жобасы аяқталады. 80 орындықты оқушылар үйінің құрылысы басталмақ. 5 қабатты 40 және 30 пәтерлі «Алатау» мөлтек ауданындағы 3 класстағы тұрғын үйлерге, Қапал батыр көшесі бойынан 9 дана көпқабатты тұрғын үйлердің, «Алатау» мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің, «Шаңырақ» мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысына жоба-сметалық құжаттамалары әзірленуде. «Алатау» ықшам ауданында қосалқы станция құрылысы жүргізіліп, №3 кәріз тазалау ғимараты салынады. 1 мөлтек ауданның аулалары, Тәуелісздік саябағы, Шатқалы саябағы абаттандырылады. Алатау мөлтек ауданындағы жаңа массивке инженерлік-коммуникация жүйелері жүргізіледі.
Кездесу барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдары мен орындалу кезеңі жайында айтып өтті. Жиынды қорытындылаған аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы айтылған мәселелер жөнінде хаттама түзілгенін, сала басшыларына жолданғанын, алдағы уақытта ол бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесі аудан әкімінің ресми сайтында, БАҚ беттерінде жарияланатынын жеткізді.