Жастар «далада қалмайды»
Статистикаға сүйенсек, үшінші мегаполис халқының 239 мыңнан астамы – жастар. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы бүгінде мыңнан астам "Еңбек" бағдарламасы қатысушысына қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдама берілген. Олардың қатарында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері, кадастр, техник мамандар бар. Жыл соңына дейін 2500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін тілек білдіруші enbek.kz порталында электронды цифрлы қолтаңба арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайындағы жұмыспен қамту орталығына бара алады.
– Кейбір жастар диплом алғасын мамандығы бойынша жұмыс таппай, уақыт жоғалтады. Жұмыс тәжірибесін жинау үшін мемлекет 6 айлық «Жастар тәжірибесін» ұйымдастырады. Ол бағдарлама мамандығы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын бітіргеніне 3 жыл толған және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған. Биылғы жалақы мөлшері 25 айлық есептік көрсеткіш шамасында. Бұл дегеніңіз – 72 мың теңге, – дейді қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаев.
Жалпы, Шымкентте 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асырылуда. Ресми мәліметтерден тұрақты жұмысқа орналасушылар қатарының артқанын байқаймыз. Шағын несие алып, кәсібін өрге домалатамын деушілерге де қолбайлау жоқ. Мемлекет тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға, олардың жеке іс бастауына немесе жаңа мамандық игеріп, екі қолға бір күрек табуына барынша жағдай жасауда. Мысалы, электронды еңбек биржасының қолданысқа енгізілуі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты жеңілдете түсті. Жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарының көмегінсіз-ақ enbek.kz порталына кіру арқылы кадр таңдай алады. Ал жұмыс іздеушілер порталға тегін тіркеледі. Сайттан еліміздің кез келген өңіріндегі, қаласындағы, бос жұмыс орнын көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұрын айлап іздейтін жұмыс орнын енді екі апта ішінде табуға мүмкіндік бар.