1728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді
Республикалық маңызы бар шаһар - Шымкентте тұрғын үй мемлекеттік бағдарламалары белсенді орындалып келеді. Жыл сайын Шымқалада "Нұрлы жер" секілді бағдарлама шеңберінде баспанаға қол жеткізген отбасылар саны артып келеді. Биылғы жыл қала тұрғындары үшін баспаналы болуға «Шаңырақ» бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр.
Аталмыш бағдарлама бойынша Тұран шағын ауданындағы кредиттік тұрғын үйлердің конкурсына өтінім беріп, төлем қабілетін растаған азаматтардың Отбасы банк берген хабарлама хаты жыл соңына дейін жарамды екенін мамандар айтуда.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша «Шаңырақ» бағытымен тапсырылған несиелік 27 тұрғын үйді басқарма теңгеріміне мемлекеттік органдармен тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Несиелік бағыттағы пәтерлер толығымен тұрғын үй басқармасының теңгеріміне өткізілген соң, азаматтар сатып алу туралы келісім шартын рәсімдейді. Кейін банктен ипотекалық қарыз шартын беруді мақұлдау туралы хабарлама хатын ұсынып, тұрғын үй сертификатына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 1728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді.