Мақтаарал ауданында каналға су сорғысы орнатылуда
Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы К-19 каналына ағын су жеткізу мәселесінің орын алғанына бірнеше жыл болған еді.
Мақтаарал ауданына қарасты Достық ауылдық округінде жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған канал 4 мың гектардан астам алқапқа секундына 4 м3 ағын су таратады. Достық магистралды каналы арқылы су көзін алатын каналдың ұзындығы 12 шақырымға жуық. Су айдыны монолитті темірбетонмен қапталған. Меншік иесі – «Қазсушар» РМК. Каналдың жоғары орналасуына байланысты егістік алқаптарын суғаруға қажетті су көлемі тапшы.
Мамандардың айтуынша, Достық магистралды каналының арнасынан биікте орналасқандықтан, егістік науқанында ағын су жеткізу үшін Достық каналының деңгейін көтеру қажет болды. Бұрын орнатылған дизельдік су сорғыштардың жарамсыздығы анықталып, электрлі су сорғысын орнату және электр энергиясымен қамтамасыз ету қажет деп танылған. Мәселені шешу үшін каналға 4 дана электрлі су сорғышын орнату керек болды.
Ол үшін 1,6 гектар жер телімі бөлінді. Қуаттылығы 0,5 м3/сек екі бірдей электрлі қондырғы орнату жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, К-19 каналына ағын суды жеткізіп беруге арналған құбырлар тартылуда.